Президент Қазақстан халқын Еңбек күнімен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады.
Бұл мемлекетіміздің тұрақты дамуына жасампаз ісімен үлес қосып келе жатқан нағыз еңбекқор жандарды ұлықтауға арналған маңызды мереке. Олар туған елдің жарқын болашағы үшін күн сайын тынбай еңбек етіп, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетіп жүр. «Адал азаматқа» тән еңбекқорлық, іскерлік, жауапкершілік, білімпаздық және жақсыдан үйрену, жаманнан жирену сынды асыл қасиеттің бәрі шынайы еңбек адамының бойынан табылады. Сондықтан өз ісінің майталмандары қашан да қоғамның назарында болуы тиіс. Ал жастарымыз соларға қарап бой түзеуі керек. Мен Әділетті Қазақстанды еңбекқор, адал азаматтар ғана құра алатынына кәміл сенемін - делінген Президенттің құттықтауында.