ТМД елдері басшыларының саммитінде не туралы айтылды?
ТМД шеңберінде қылмыстық жолмен келген табысты заңдастыру жөніндегі халықаралық орталық құрылады.
Бүгін Бішкекте өткен саммитте президенттер осындай келісімге келді.
ТМД елдерінің басшылары бас қосқан жиында Қасым-Жомарт Тоқаев «аймағымызды ірі көлік-логистикалық хабқа айналдырамыз» деді. Ал Ресей президенті бірлестіктің беделін одан әрі арттырып, ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Төңіректегі саясаттың қазіргі ауаны қалай? ТМД-ның қауқары қандай?
Кеше плюс 26, бүгін 16. Бішкекке жеті президентпен қоса бүгін күз де келіп жетті. Ала Арча резиденциясына мемлекет басшылары рет-ретімен келе бастағанда ақ жауын басталған, қонақжайлығы қазақтан кем түспейтін қырғыз тарабы, қолшатырларды дайындап, қонағын жауын астында қалдырмауға тырысты.
ТМД биыл Қырғызстан төрағалық етті, сондықтан саммит иесі Садыр Жапаров қонақтардың алдын кеше күтіп алған. Кеше Ресей президенті Владимир Путин Қырғызстанға ресми сапармен келді, бұл оның биылғы жылдағы алғашқы шетелдік сапары болатын. Есесіне, биылғы жиын Армениясыз өтті. Елдің премьер-министрі Никол Пашинянның саммитке қатыспайтыны туралы екі күн бұрын хабарланған. ТМД туралы түрлі пікір көп бірі интеграциялық құрылым ретінде болашағы жоқ десе де біріктіріп тұрған факторларды ешкім жоққа шығара алмайды.
Елдар Абакиров, экономист:
«Біріктіріп тұрған екі фактор бар бұл жетпіс жылдық тарих, оның ішінде орыс тілінің болуы, бір билікте жасаған тарих. Екіншісі нәрсе ол әлбетте 92-нші жылы қол қойылған еркін сауда келісімі, то есть договор о свободной торговли, сол Орта Азия, басқа СНГ өлкелерінде бұл сауда көп әсер етеді. Қырғызстан жөнінде айтып кетсек бүгінгі күнде орыс федерациясында миллионға жақын біздің қырғыз мигранттары бар. Неменеге ол жерге кетіп жатады, өйткені тілді біледі, менталитеті ұқсас, бару жеңіл, виза керегі жоқ, керек болса Қырғызстанның ішкі паспортымен істей береді. 10-11 класты бітіре салысымен барып сол жерде таксист болуы, жүк тасушы болуы. 100 мыңнан астам қырғыз Қазақстанда істейді».
Игорь Шестаков, "Ой ордо" сараптамалық бастамалар орталығының директоры, саясаттанушы:
- Менің ойымша, оның өміршеңдігінің бірнеше тұсы бар. Соның бірі, еркін сауда аймағы. Осының арқасында мысалы Өзбекстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болмаса да Ресеймен, өзге де мемлекеттермен саудасын кедергісіз жүргізіп келеді. Тағы бір тұсы, ТМД елдері өзара визасыз режимде. Бұл да осы ұйым арасындағы маңызды аспект».
Дегенмен, достастық бар. Енді соның экономикалық игілігін көрсе керек. Биылғы жеті айда Қазақстан ТМД мемлекеттерімен 20,6 миллиард долларға сауда жасаған, бұл былтырғыдан көп. Оны одан әрі көбейте түсу үшін, сауда кедергілерін жойып, көлік дәліздерін дамыту керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
«Біз өзіміздің бірегей географиялық артықшылығымызды пайдаланып, жаһандық нарықтарды ұштастыруымыз керек. Осылайша, аймағымызды ірі көлік-логистикалық хабқа айналдырамыз. Әлемде жаңа экономикалық география қалыптасып, сауда ағындары ұлғая түскен қазіргі жағдайда бұл бағыт стратегиялық маңызға ие болады. Бүгінде Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық-транзиттік тасымалдың 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Біз Транскаспий көлік бағытын, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін одан әрі дамытуға, сондай-ақ «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының мүмкіндіктерін толыққанды пайдалануға айрықша мән береміз. Қазақстан «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол жобаларын тезірек іске асыруды көздейді».
Президенттер ТМД туралы жабық есік форматында ұзақ талқылады, кеңейтілген кездесу бір сағат кешігіп басталды. Соған қарағанда посткеңестік интеграцияның әлеуеті әлі де жетерлік, және оны күшейте түсуге мүдделі тарап та бар.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
«Ресей интеграциялық бірлестік ретінде ТМД беделін одан әрі нығайтуға және өзара түсіністік, сенім, теңдік және тату көршілік қағидаттары негізінде Достастық аясында жан-жақты ынтымақтастықты дамыту үшін белсенді жұмыс істеуге әзір».
Былай қарасаң ТМД 66 салалық құрылым жұмыс істейтін үлкен құрылым. Жұмылса, жұмысын жүйелесе экология мәселелерін оңай әрі тез шешіп алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
«ТМД-ға мүше бірқатар мемлекеттің аумағында қазіргі экологиялық ахуал нашарлап, шөлге айналу және су қорының сарқылу жағдайында бұл проблеманы елеусіз қалдыруға болмайды. БҰҰ бағалауына сәйкес 2050 жылға қарай климаттағы өзгеріс салдарынан бес миллиардтан астам адам су тапшылығына ұшырауы мүмкін. Қазірдің өзінде Орталық Азия елдері Жер шарындағы орташа температураның көтерілуіне байланысты күрделі проблемаларға тап болып отыр».
Президенттер бүгін бірқатар құжатқа қол қойды. Соның бірі ТМД шеңберінде қылмыстық жолмен келген табысты заңдастыру жөніндегі халықаралық орталық құру келісімі. Сыртқа заңсыз кеткен активтерді елге қайтарып жатқан Қазақстан үшін бұл құжаттың көмегі көп болмақ. Сондай-ақ бүгінгі саммитте «Бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін» медалін тағайындау туралы шешім қабылдады. Ал бүгін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Құрмет белгісі Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевке табысталды.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Жабық есік форматындағы ұзақ келіссөздер, өзара келісім, сый мен құрмет. Бішкек саммиті осымен аяқталды. Ресми Бішкек бүгін ұйымның төрағалығын Ресейге табыстап, Достастыққа мүше мемлекет басшылары келер жылы күзде Мәскеуде тағы бір мәмілеге келерміз деп тарқасты.