Қ. Тоқаев боксшы Ж. Әлімханұлын жеңісімен құттықтады
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің твиттердегі парақшасында кәсіби боксшы Жәнібек Әлімханұлын жеңісімен құттықтады.
Спортшы WBO және IBF тұжырымдарынан әлем чемпионы атағы үшін германиялық Винченцо Гуальтьеримен жекпе-жекке шығып, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Президент осылайша Жәнібектің қазақ бокс мектебінің жоғары деңгейі мен мықтылығын әлемге паш еткенін атап өтті. Әрі бұл жеңістің бокспен айналысатын жастарды биік белестерді бағындыруға ынталандыратынына сенім білдірді. Мемлекет басшысы Жәнібек Әлімханұлына зор денсаулық пен бақ-береке тіледі.
"Жәнібек қазақ бокс мектебінің жоғары деңгейі мен мықтылығын әлемге тағы да паш етті. Бұл жеңіс бокспен айналысатын жастарды биік белестерді бағындыруға ынталандырады. Сізге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін. Жеңістен жеңіске жете беріңіз!" деп жазды Мемлекет басшысы Twitter парақшасында.
Отандасымыз кәсіби бокстағы он бесінші жекпе-жегін кезекті жеңіспен аяқтап отыр. Ол Розенбергте Винченцо Гуальтьери Алиді нокаутқа жіберді. Жәнібек алғашқы сәттен қарсыласына дес бермеді. Кездесу алтыншы раундта аяқталды. Бұл неміс спортшысы үшін кәсіби мансаптағы алғашқы жеңіліс.