Республика күні – елдігіміздің айғағы
Бүгін – Республика күні.
Ұлттық мереке соңғы 2 жылда бұқаралық сипат алып, кең көлемде тойланып келеді. Былтыр 29 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңға қол қойып, 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып белгіленді. Ұлттық мереке мәртебесіне ие болған тарихи датаның мән-маңызы жайында тілшіміз Назерке Тоқжан баяндайды.
Еліміз айтулы датана былтырдан бері кең көлемде тойлай бастады. Оған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұрындық болды. Осылайша, соңғы 13 жылда елеусіз қалған мереке ел ішіне қайта оралды. Тіпті Мемлекет басшысы оған ұлттық мәртебе бергізді. Мұның саяси һәм салмақты себебі бар. 1990 жылы дәл осы күні «Қазақ Кеңестік социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияға қол қойылды. Бұл ел болып енші алуымыздың басты айғағы еді. Құжат аумалы-төкпелі кезеңде әзірленді.
Сондықтан оны қабылдау оңай шаруа болған жоқ, - дейді Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев.
Жигули Дайрабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ол кезде мен өзім 35 жаста едім, жас депуттатрдың бірі болдық. Ол кезде бізде 365 жоғары кеңестің депутаттары жұмыс жасады. Тармақтан тұратын заң қабылданды. Ол кезде Қазақ ССР Советтік социолистік Республика деген заң қабылданды. 17 тармақтан тұратын заң қабылданған кезде мемлекеттің болмысының фундаменті қаланды ғой.
Егемендік декларациясы – халқымыздың жан-жақты әрі ұзақ жылғы күресінің нәтижесі. Оны қабылдау арқылы мемлекеттік саяси-құқықтық негіздер бекітілді. Бұл – жеке территория, азаматтық, әскер, бюджет, халықаралық қатынастардағы дербестік. Сондай-ақ болашағымызды айқындау еркі өз қолымызға тиді. Бір сөзбен, бұл құжат әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізін қалады.
Ерлан Ахмеди, сарапшы:
- Қазіргі таңда демократиялық құндылықтарға негізделген саяси жүйені құрып жатырмыз. Ал республика деген терминді алып, қарайтын болсақ, бұл қоғамдық жалпы іс деген мағына білдіреді. Қоғам жаңа саяси мәдениеттің аясында бірігіп, өз үнін айтып, өз үнін жеткізіп, сонда ғана бір нәтиже болады. Сонда ғана демократиялық мемлекет құратын боламыз.
Сарапшылар атаулы датаны қайта жаңғырту ел ішінде болып жатқан реформалардың айғағы дейді. Республика күні – еліміздегі ең басты әрі жалғыз ұлттық мереке. Себебі елдік еркіндік, азаматтық азаттық, ұлттық ұлағат осы күнмен астарласып жатыр.
Ерлан Ахмеди, сарапшы:
- Қазіргі таңда «Жаңа әділетті Қазақстан» идеясының аясында біз саяси әртүрлі процестерге, жалпы тарихымызға жаңа көзқараспен қарап, жаңа баға беріп жатырмыз, қайтадан сараптап, басқаша баға беріп жатырмыз. Айталық, 25 қазан Республика күнінің қайта қалпына келтірілуі, менің ойымша, бұл заңды құбылыс.
Иә, осыдан 33 жыл бұрын қабылданған егемендік декларациясы – тарихымыздағы ең бетбұрысты сәт. Ал Алаш арыстары аңсаған осы азаттықты әрмен баянды ету сіз бен біздің қолымызда.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Мейрам Жүнісов.