Мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар табысталды
«Біз біртіндеп қоғамды өзгерту және демократия қағидаттарын енгізу жолынан айнымаймыз. Мемлекет радикализмнің, экстремизмнің және тұрмыстық вандализмнің кез келген түріне мүлдем төзбеушілік саясатын ұстанады».
Мемлекет басшысы бүгін Ақордада Республика күніне орай өткен жиында осылай деді. Салтанатты шарада ондаған азаматқа мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар табысталды.
Қорған Қонысбайұлы:
- 1990-шы жылдың 25-ші қазаны. Дәл осы күні қазақ кеңестік социалистік республикасының жоғарғы Кеңесі «Мемлекеттік егемендік туралы» декларациясы қабылдады. Бұл құжат ел тәуелсіздігіне жасалған алғашқы қадам еді.
Біздің жұрт «Егемен болмай, ел болмас» дейді. Тәуелсіздік алуымызға жол ашқан декларацияға биыл міне 33 жыл. Мемлекет басшысы мұны «Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн» деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақта «Егемен елдің еңсесі биік» деген сөз бар. Азаттықпен бірге ұлттың рухы көтерілді. Халқымыз көптеген табысқа жетті.
Егемендік жылдарында халық саны өсті. 20 миллионға жетіп қалдық. Осы 20 миллион бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай болғанда ғана болашақ баянды. Мемлекет басшысы "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" екенін бүгін тағы шегеледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тәуелсіздікті сақтау бұл – ең алдымен, тұтас ұлттың жауапкершілігі. Біз егемендікті тынымсыз еңбекпен, мызғымас бірлікпен күн сайын қорғауымыз керек. Ең бастысы, еліміздегі тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Себебі тыныштық болмаса, басқаның бәрі бекер.
Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Сондықтан Мемлекет басшысы «мұндай жағымсыз үрдістерге бүкіл қоғам болып қарсы тұру керек» деді. Заң толығымен орындалғанда ғана төрт құбыламыз түгел болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз біртіндеп қоғамды өзгерту және демократия қағидаттарын енгізу жолынан айнымаймыз. Әлемде саяси және экономикалық ахуал құбылып тұрған заманда заң және құқық үстемдігін қамтамасыз ету өте маңызды. Мемлекет радикализмнің, экстремизмнің, құқықтық нигилизмнің және тұрмыстық вандализмнің кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік саясатын ұстанатын болады.
Екі жыл болды, елдің барлық саласында реформа жүріп жатыр. Президент халықтың саяси сана-сезімі едәуір өзгергенін айтты. Бір анығы - реформалардан кейін,,, өткенге қайта оралмаймыз. Өзгерістер жалғаса береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы орайда, жастарымызға арнайы үндеу жолдағым келеді. Елімізде жүзеге асырылып жатқан әрбір бастама, ең алдымен, сіздерге арналады. Қазіргі реформалардың игілігін көретін де, елдік істерді жалғастыратын да – сіздер. Жастар кез келген өзгеріске бейім болады. Әр нәрсені бойына тез сіңіреді. Мен сіздерді жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге шақырамын. Ұлы Абай айтқан бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болыңыздар. Сіздер дәріптеген құндылықтар қоғамда тез орнығады. Сіздер қолдаған өзгерістер жылдам жүзеге асады.
Енді марапат хақында. Ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы бүгін 3 адамға берілді. Алғашқысы - мемлекет және қоғам қайраткері Бақтықожа Ізмұхамбетов. Екіншісі ұстаз - Алма Шүкежанова. Бұл кісінің ұлағатты мамандықтың туын ұстағанына аттай 50 жыл болған. Бүгін Ақордада жарты ғасырлық еңбегіне лайықты баға берілді.
«Қазақстанның Еңбек Ері» атанған үшінші азамат - Имамзада Шағыртаев. Сыр елінен келген. Ауыл шаруашылығында өнімді еңбек етіп жүрген шаруа. Қасым-Жомарт Тоқаев Имамзада Шағыртаевтың ауылы да, шаруасы да көпшілікке үлгі деді. Ісін дөңгелетіп, елдімекенін гүлдендіріп отыр. Ең жоғары марапат алған еңбек адамы көпшілік алдына шыққанда ішкі толқынысын да жасыра алмады.
Бұған дейін «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы бастама көтерілген. Биыл Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы бұл ұсынысты қолдады. Сөйтіп осы атақ марапаттар қатарына қайта қосылды. Бексұлтан Нұржекеев, Смағұл Елубай, Ахметжан Аширов, Любовь Шашкова, Софы Сматаев пен Төлен Әбдікұлы бүгін «Қазақстанның Халық жазушысы» атанды.
«Қазақстанның Халық жазушысымен» бірге «Қазақстанның Халық әртісі» де оралды. Бұл тікелей Президент пәрменімен қайтқан атақ. Бұрынғыдай театр, кино, музыка және тағы басқа өнер саласының тарландарына беріледі. Қайта оралған атақты алғаш болып бүгін театр және кино актерлері Дінмұхаммед Ахимов, Михаил Токарев, Дулыға Ақмолда және опера әншілері - Шахимардан Әбілов пен Талғат Күзенбаев, күйші Айгүл Үлкенбаева, белді де белгілі әншілер Рамазан Стамғазиев пен Димаш Құдайберген алды.
Көктемде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы ел бірлігін нығайтуға жылдар бойы қажырлы еңбек сіңірген азаматтарды арнаулы орденмен марапаттау туралы тапсырма берген. Содан тиісті заңдарға өзгеріс енгізіліп, «Ел бірлігі» ордені бекітілді. Наградалар қатарынан лайықты орын алған бұл марапат бүгін алғаш рет тапсырылды. Ғылым саласы да қашанда мемлекет қолдауында. Биыл әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығының ғалымдарына берілді. Марапаттаудағы биылғы ерекшелік - қарапайым азаматтарға басымдық берілген. Наградталғандар арасында 298 ұстаз бен денсаулық сақтау саласының қызметкері, 259 ауыл шаруашылығы маманы, 119 еңбек ардагері және өндіріс саласының 88 жұмысшысы бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Барлық саланы, әсіресе, өндірісті білікті мамандар дамытады. Сондықтан біз бір ел болып қоғамда еңбекқорлықты дәріптейміз. Адал еңбек пен жауапкершілік жаңа қоғамдық этиканың өзегі болуы керек. «Еңбегіне қарай – құрметі» деген.
Ертең ұлық мереке - Республика күні. Мемлекет басшысы егемендік күні ұлтты ұйыстыратын нағыз елдіктің мейрамына айналуға тиіс деді. Ал сол айрықша мереке бүгін Ақордадан басталды.
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ерлан Наурызбаев, Азамат Сәметов