Қ.Тоқаев апатқа кінәлінің барлығын табуды тапсырды
Опат болған кеншілердің отбастарына көңіл айтқан соң Мемлекет басшысы жедел штабтың отырысын өткізді.
Жиында Президент Үкімет комиссиясына өрттің мән-жайын тергеп, барлық кінәліні жауапқа тартуды тапсырды.
Апат кезінде шахтада 252 адам болған. Соның 206-сы өздері шыққан. Құтқару жұмыстарына 10 бөлімше, 55 құтқарушы және 12 техника тартылды. Жұмыс екі өндіріс учаскесінде жүріп жатыр. Төтенше жағдайлар министрі жаңа өрт ошақтары байқалмайды деді. Мемлекет басшысы іздестіру-құтқару жұмысын барлық қажетті күшті тарта отырып, күшейтілген режимде жалғастыруды міндеттеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жаңа ғана азаматтар әр 10-15 минут сайын ақпарат беріп тұру мәселесін көтерді. Мүмкіндігінше қамтамасыз ету керек. Халықпен қарым-қатынас жасайтын бір өкіл болсын. Жұртшылықты ақпаратсыз қалдыруға болмайды. Бұл өте шетін әрі мүлдем жол беруге болмайтын мәселе. Біз күн-түн демей, соңына дейін күресуіміз керек.
Марқұмдардың отбасына асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы тағайындалады. Ол республикалық бюджеттен, әлеуметтік сақтандыру қорынан және өмірді сақтандыру компаниясынан төленеді.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Жәрдемақы көлемінің жалпы орташа мөлшері асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 400-500 мың теңгеден басталады. Егер балалар жоғары оқу орындарында білім алып жатқан болса, онда 23 жасқа дейін төленеді. Әзірге барлық төлемді өтеу «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына жүктеледі. Кәсіпорын ұжымдық шартқа сәйкес жылдық төлем тәуекелдерін төлеуге міндетті. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жерлеу рәсімдеріне байланысты барлық шығынды, сондай-ақ балаларды жоғары оқу орындарында оқытуды өз мойнына алуға тиіс.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- «АрселорМиттал Теміртаудың» иелерімен қиын келіссөз жүрді. Нәтижесінде компанияны Қазақстанның меншігіне беру туралы келістік.
Үкіметтік комиссия мүшелерінің баяндасын тыңдаған соң Президент апатты жою және кеншілерді құтқару үшін барлық шараны қабылдауды тапсырды. Сосын қаза тапқан және зардап шеккен азаматтардың отбасына жан-жақты көмек көрсетуді тағы шегеледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздердің міндеттеріңіз – адамдармен тікелей жұмыс істеу, кездесу, сондай-ақ жедел топты қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету. Біз қазір қалыптасқан жағдайды түсіндіру, ең бастысы, шешім қабылдау үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Жергілікті әкімдік тиісті шешім қабылдауы қажет. Кәсіпорынның сұраныстарына сүйене отырып, қажетті нәрсенің бәрін анықтаңыздар. Үкіметтік комиссия барлық мәселені пысықтауға тиіс. Мен не істеу керек екенін айттым. Әркім өзіне қатысты жұмысты біледі. Министрлер, басшылар өздерінің жұмыс тәсілдерін білуі керек. Президент әр оқиға сайын келіп, тапсырма береді деп күтіп отыруға болмайды.
Үкімет пен әкімдік отбасыларға жан-жақты көмек көрсетуге міндетті. Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі құрылымдармен бірлесіп, апат салдарын жоюы керек. Ал Ішкі істер министрлігі зардап шеккен адамдардың отбасыларымен жұмыс істейді. Үкіметтік комиссия азаматтардың опат болуына әкеп соқтырған өрттің мән-жайын тергеп, барлық кінәліні жауапқа тартуы керек. Мемлекет басшысының жедел штаб отырысындағы кезекті тапсырмасы осы.
Қорған Қонысбайұлы