Ақордада Қазақстан мен Венгрия қарым-қатынасы талқыланды
Мажарстанға ет, ұн, күнбағыс майын экспорттаймыз.
Қазір екі ел арадағы сауда-саттық көлемін ұлғайтуға басымдық беріп отыр.
Ынтымақтастықты ырысты ете түсу үшін бүгін елге ресми сапармен Венгрия Премьер-министрі келді. Виктор Орбан Қазақстанды Атажұртым деді. Кездесуде тараптар тағы қандай мәселелерді талқылады?
Қорған Қонысбайұлы @Korgantore
Ақорда кешеден бері еуропалық меймандарды қарсы алып жатыр. Франция президенті Макронның ізін ала бүгін резиденцияға Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан келді. Ресми сапардың мақсаты Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ынтымақтастық аясын кеңейту.
Виктор Орбан кәрі құрлықтағы сақа саясаткер. Екінші рет Мажарстан үкіметін басқарып отыр. Әуелде 35 жасында премьер болған. Бұл 1998-2002-ші жылдар еді. Осы кезеңде Венгрия Натоға қабылданды. Одан соң сайлауда жеңіліп, премьер-министрлікке 2010-да қайта оралады. Содан бері үкімет басшылығында. Осы жылдары екі ел арасындағы байланысты найғайтуға Орбанның қосқан үлесі аз емес. Бізге бір бүйірі бұрып тұрады десек болады. Себебі түбіміз бір.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Құрметті Премьер-министр мырза, ең алдымен, қазақ жеріне қош келдіңіз! Себебі Сіз қыпшақсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі әрі Сізді сыйлайды. Сондықтан атамекеніңізге келдіңіз деп айтсақ, артық болмайтын шығар. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз және Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысуға ниет танытқаныңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретіні сөзсіз.
Виктор Орбан, Мажарстан премьер-министрі:
- Атажұртқа оралу әрдайым керемет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешеді. Өйткені екі халықты ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыр байланыстырады. Соңғы он жылда біз ынтымақтастығымызды дамытуға барынша күш-жігерімізді жұмсадық әрі жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өзіңізбен ынтымақтаса жұмыс істеу – мен үшін зор мәртебе. Мажарстан әрдайым Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі болған. Алдағы уақытта да солай бола береді.
Қазақ пен мажар газды бірге өндіреді
Тараптар саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысқа қарқын қосу жайын пысықтады. Виктор Орбан серіктестікке серпін беруге бейілді екенін жеткізді. Сарапшы да солай дейді.
Ләззат Жанмолдаева, экономист:
- Ол елдің біздің елмен қарым-қатынасты жақсартуға құлшынысы көп. Біз де әрине сол орайда. Бұл елдің бізден алатын негізгі импорттайтыны мұнай.
Экономистің сөзін сабақтай түссек, екі елдің экономикалық байланысында табиғи ресурстың салмағы басым. Бұл бағытта ортақ жоба да қолға алынды. Біздің «ҚазМұнайГаз» Мажарстанның MOL деген ұлттық мұнай-газ компаниясымен бірге Батыс Қазақстан облысындағы Рожков кен орнын игеріп жатыр. Нәтиже жақсы. Мәселен биыл...
Мағзұм Мырзағалиев, "Қазмұнайгаз" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы:
- Биыл енді Құдай қаласа дейміз жылдың аяғына дейін бірінші газ бен конденсат өндіру көлемін бастаймыз деп жатырмыз. Осы күнге дейін сол дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы мына Рожков кен орны біздің жоспар бойынша жылына 1 млрд дейін газ өндіреміз. Кезең-кезеңімен осы деңгейге шығамыз. Биылға енді жоспарымыз әзірше 13 млн куб шығарамыз деген жоспарымыз бар.
Мажарстанға тауар экспорты ұлғаяды
Қазіргі мақсат арадағы сауда-саттық көлемін ұлғайту. Бұл бағыттағы өсім болғанымен, жалпы көрсеткіш ауыз толтырып айтатындай емес. Біздің тарап енді бауырлас елге ет, ұн, күнбағыс секілді өнімдердің экспортын арттыруды көздеп отыр.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Былтыр Мажарстанмен арадағы тауар айналымының көлемі 100 млн АҚШ доллары болды. Биылғы тоғыз айда 24 пайызға өсті, тағы да өсуі мүмкін. Оның көбі Мажарстаннан келетін импорт. Дәрі-дәрмек, көкөніс, көбі тағам. Сапасы өте жоғары. Біз не апарамыз десек, биыл балық жеткізуді бастадық. Биыл көлемі екі есе көбейді. Бұрын 67 тонна болса, қазір 120 тонна жібердік.
Қазақ-мажар қарым-қатынасы талқыланды
Виктор Орбан екі ел арасындағы саяси диалог пен тиімді серіктестіктің деңгейін жоғары бағалап отыр. Ал тараптардың өзара мәмілесі жақсы болса, экономикалық байланыс қарқын ала түсері анық.
Қорған Қонысбайұлы, Жандос Битабаров