Тоқаев: ЕАЭО экономикалық сипаттан ауытқымауға тиіс
Еуразиялық экономикалық одақтың қызметі экономикалық сипаттан ауытқымауға тиіс.
Қазақстан әуел бастан бұл қағиданы берік ұстанды, ұстана да береді. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.
Мемлекет басшысының ойынша экономикалық бірлестікте әлі де кедергілер бар. Сондықтан, әрбір ел өз отандық өндірушілерін бәсекелестерден қорғауын жалғастырып келеді. Және сол бәсекелестер өзге емес, экономикалық одақтың өз ішінде отыр. Еуразиялық бестіктің бұл жолғы жиыны қалай өтті? Не талқыланды?
Санкт-Петербург әсемдігі жөнінен әлемнің топ рейтингіне кіретін Ресейдің жалғыз қаласы. Ал жаңа жыл қарсаңында қала тіпті түрлене түседі. Жыл сайын желтоқсанның соңында Петерборға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекет басшылары жиналады. Қазақтан президентінің борты Петербордың Пулкова әуежайына келіп қонғанда бұл дәстүрдің биыл да бұзылмайтыны белгілі болған.
Ельцин кітапханасында кездесу де – жылдағы дәстүр. Өзі шақырған меймандарын Владимир Путин өзі қарсы алды.
Әуелі шағын формат. Дөңгелек үстел басында еуразиялық бестік басшысы және Еуразиялық экономикалық комиссияның төрағасы Михаил Мясникович. Осы отырыстан соң оның орнын қазақстандық саясаткер Бақытжан Сағынтаев басады.
Жабық есік форматындағы келіссөзден соң, президенттер ендігі кеңірек үстелге жайғасып, еуразиялық интеграцияның бүгіні мен болашағын талқылауды кеңейтілген форматта жалғастырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Инфляцияның қысымы, халықаралық логистикалық тізбектердің трансформациясы, аймақтардағы қақтығыстар, санкциялық текетірестер – бұл әлемдік экономиканың даму қарқынын бәсеңдететін факторлардың бір парасы ғана. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан жылдық экономикалық өсімді 4,9 пайыз көрсеткішпен қорытындылауды жоспарлап отыр. «Еуразиялық бестікке» кіретін барлық елде оң динамика байқалатыны қуантады. Әйтсе де экономикамыздың орнықты даму траекториясын сақтау үшін 2024 жылдың сын-қатерлеріне бірлесе дайындалуымыз керек.
Еуразиялық экономикалық одақтың қызметі экономикалық сипаттан ауытқымауға тиіс. Қазақстан әуел бастан бұл қағиданы берік ұстанды, ұстана да береді, деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл пікірді Армения премьері де құптайды. «Экономикалық бірлестікті саясиландырмау керек» деді көптен көрмеген әріптестерімен кездескен Пашинян.
Айдос Сарым, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, саясаттанушы:
- Еуразиялық одақты әркім әрқалай түсінеді. Ресей бірдеңе деп түсінуі мүмкін, біз өзімізше түсінеміз. Біздің басты міндет – президент те бұл туралы әр үлкен форумда айтып отырады, біз мұны ең алдымен экономикалық бірлестік деп қабылдаймыз. Экономикаларымыздың жақындығы, бір-біріне тәуелділігі басқасын ескере отырып біз соның пайдасын көруге тырысамыз дейтін мәселені бүкіл алаңдарда айтып келе жатырмыз.
Озық технологиялар мен инновацияларды енгізу. Ендігі бір міндет осы. Айтпақшы, дәл осы бағыт қабылданған декларацияда да жазылған. «Еуразиялық экономикалық жол» деп аталатын құжат Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жаһандық бастамасымен ұштасады. Жалпы, бұл ұйымның бір мақсаты – тауарлардың еркін қозғалысы десек, оған кедергі келтіретін тұстар әлі де бар. Еуразиялық экономикалық комиссияның дерегінше соңғы екі жылда 15 кедергі мен 3 шектеу жойылған. Қазір ортақ реестрде 34 кедергі бар, соның 18-і 2025 жылға дейін алынып тасталмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Ппрезиденті:
- Кеден шекаралары ашылғанына қарамастан, әрбір ел іс жүзінде отандық өндірушілерін ЕАЭО-ға қатысушы өзге бәсекелестерден қорғауын жалғастырып отыр. Біз ортақ нарықта кездесетін кедергілер мен шектеулерді жойып, бірыңғай техникалық регламенттер енгізуді жылдамдатуымыз керек.
Сарапшылардың бағалауынша, еуразиялық бестіктің әлеуеті 600 милионға жуық адамға тамақ тауып беруге жетеді. Соған қарамастан, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің әлемдік нарықтағы ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының үлесі 2% сәл ғана асады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сондықтан бәсекеге қабілетті, экологиялық таза және экспортқа бағдарланған, озық халықаралық стандарттарға сай өнім шығару мақсатында тығыз кооперациялық байланыстарды жолға қою басым бағыттарымыздың біріне айналуы керек. Сондай-ақ агрологистика және өнім сақтау жүйесін дамытып, ауыл шаруашылығы саласына цифрлық шешімдерді енгізу үшін күш біріктіруіміз қажет. Бірлескен агроинновациялық орталықтар құру мәселесін пысықтаған жөн.
Бұл ретте кеше Санкт-Петербургта қол қойылған маңызды құжатты айтып өтпеуге болмас. Бәлкім, биылғы жиынның басты жаңалығы да осы болса керек. Еуразиялық бестік Иран Ислам Республикасымен Еркін сауда аймағын құру туралы құжатты ресми бекітті.
Андрей Слепнев, Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда жөніндегі министрі:
- Иранмен бұған дейін уақытша келісім болған. Бірақ ол тасымалданатын тауарлардың аз бөлігін қамтитын. Иран үлкен нарық, сондықтан ресми бекітілген бұл келісім арадағы көрсеткіштерді еселеп арттырады деп сенеміз. Оның ішінде қазақстандық өнімдерді, ең алдымен бидай мен арпаны жеткізу үшін елеулі перспективаларды көріп отырмыз. Металл, химиялық өнімдер бойынша Қазақстанның мүмкіндігі орасан, Иранның инфрақұрылымын дамытуға қатысты ауқымды жоспарларды ескерсек әрине бұл экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге барынша тиімді болмақ.
Иран мен Пәкістан, Үндістан секілді елдерге шығу үшін инфрақұрылым керек. Ол үшін «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізін дамыту қажет. Сол үшін де Қазақстан бастамасымен «Челябинск – Болашақ – Иран» бағыты жүзеге аса бастаған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен бұл ретте Бейнеу – Маңғыстау, Мақат – Қандыағаш теміржол желісі мен Бейнеу – Шалқар автомобиль жолы туралы айтып отырмын. Көлік дәлізін одан әрі дамыту үшін Қазақстан, Ресей және Түрікменстанның логистикалық компаниялары бірлескен кәсіпорын құрып жатыр. ЕАЭО-ға мүше өзге елдердің теміржол әкімшіліктерін осы жұмысқа атсалысуға шақырамын.
Бұл жолғы жиын барысында бестік басшылары жиырмадан астам мәселені талқылап, бірқатар құжатқа қол қойды. Оның ішінде экономикалық бірлестіктің 2030, тіпті 2045 жылға дейінгі даму декларациясы бар. Мұндай көпжылдық жоспар түзуіне қарағанда, еуразиялық интеграцияның барысына барлық тараптың көңілі толатын секілді. Ал Еуразиялық экономикалық одақтың төрағалық тізгінін алдағы жылы Армения атқаратын болады.
Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков, Ділмұрат Сейдаханов. ПТРК көмегімен «24.KZ», Санкт-Петербург.