Президент Санкт-Петербургтегі бірқатар мәдени нысанға барды

www.akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясына жұмыс сапары барысында Ресей Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге Санкт-Петербург қаласындағы мәдени нысандарды аралап көрді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

ТМД мемлекеттері басшыларының бірлескен экскурсиясы «Павловск» мемлекеттік музей-қорығынан басталды. Мұнда олар Павлов сарайының залдары мен экспозицияларын тамашалады. Қонақтардың құрметіне сарайдағы «Грек залы» амфитеатрында «Северная симфония» концерті ұйымдастырылды. Музей-қорық – XVIII ғасырдың соңындағы орыс сәулет өнерінің бірегей үлгісі. Павлов сарайы архитектуралық ансамбльдің ең басты көрнекті бөлігі саналады. Бұл мәдени мұра ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған.

Содан кейін мемлекеттер басшылары «Царское село» музей-қорығын және Екатерина сарайының залдарын аралап көрді. «Царское село» сарай-саябақ ансамблі – ХVIII ғасыр мен XX ғасырдың басындағы әлемдік сәулет және бағбандық өнерді айшықтайтын ескерткіш. Орыс императорларының бұрынғы жазғы резиденциясы – Ресейдегі халық көп баратын музейлердің бірі. Мұражайға 2022 жылы 2,9 миллион адам келген. Кешеннің негізігі нысаны саналатын Екатерина сарайында әлемге әйгілі Янтарь бөлмесі орналасқан.