Алматыда наурызнамадағы құндылықтарға толы шаралар өтті

Төл жаңа жыл, бір ел, бір халық және жалпыға ортақ мереке.

Бүгін Алматы қаласына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қазақстан халқын ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Еліміздің ең үлкен шаһары, оңтүстік астанамыз тәуелсіз қазақ елі егемендігінің бастауы екенін ерекше атап өтті президент.

Наурыз думан керуен көші. Алматыдағы айтулы мерекенің салтанатын асырды. Батырлар бастап, ақындар қостап, жыраулар, саятшылар мен сәнді киінген қыз жігіттердің шеруіне жиыны мыңнан аса адам қатысқан. Көшпелі қазақ халқының бар болмысын айшықтаған Наурыз думан көш керуені Абай даңғылымен, Достықты бойлап, Абылай хан даңғылына дейінгі аралықты жүріп өтті.   

Биылғы мереке ерекше. Оны ел алдына шығып сөз сөйлеген мемлекет басшысы да ереше атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Биылдан бастап Наурыз мейрамы, яғни наурызнама 10 күнге жалғасады. Бүгін еліміз ынтымақ күнін атап өтіп жатыр. Бірлік пен ынтымақ еліміздің басты құндылықтарының бірі. Біз жанашырлық, тілеулестік сияқты асыл қасиеттерімізді дәріптеуіміз керек. Еліміздің бірлігі мен татулығы әрдайым бекем болса елдігіміздің тұғыры мәңгі болады. Мен бұған кәміл сенемін. 

Наурыз мерекесінің он күндігі ойдан шығарылған дүние емес, халқымыз ежелден ұстанып келген дәстүр салтты жүйелі насихаттау екенін айтады, 60 жыл өмірін ұстаздыққа арнаған Лиза Кәрімқызы.

Лиза Кәрімқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы:

– Келешекте өткізілетін әз наурызымыз жаңа форматта өткізіліп жатса жаман емес қой. Дастархан жаю, ұлттық киім кию, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу сияқты, соның барлығы да келешек, болашақ жастардың сіңеді ғой бойларына.  

Президенттің наурызды Алматы жұртшылығымен бірге қарсы алуында да үлкен мән бар. Және ол өз сөзінде оңтүстік астанаға деген ықыласын ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Алматы – егемендігіміздің алтын бесігі. Сонымен бірге еліміздің рухани, ғылыми және экономикалық орталығы. Алматы бүкіл Қазақстанның өркендеуіне зор ықпал етеді. Сондықтан мен Алматының дамуын, қала тұрғындарының тыныс-тіршілігін айрықша назарда ұстаймын. Әсем Алматымыз болашақта бұдан да көркейе беретініне сенемін.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет қойып отырған маңызды міндеттерді де тілге тиек етті. Атап айтқанда, 55 жылу орталығымен инженерлік желілердің жаңғыртылуы, 12 мың шақырым жолдың салынып, жөнделуі және 300 мың адамға табиғи газдың жеткізілуі, сондай-ақ ауыл мен аудан тұрғындары үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасының іске қосылуы. Мұның сыртында елдігіміз бен бақуаттылығымыздың ендігі алғышарты туралы президент барлық мінберде айтып жүр. Бұл жолы да қайталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Еліміздің алдында биік мақсат тұр. Бұл Әділетті Қазақстанды құру. Біз адал еңбек етіп, адал табысқа жете алатын әділ қоғам орнатуымыз керек. Мұндай қоғамды адал азаматтар қалыптастырады. Бір сөзбен айтсақ, әділдік пен адалдық әрдайым қатар жүретін егіз ұғым. Сондықтан біз құрып жатқан қоғамда баршаға бірдей мүмкіндік беріледі. Әділетті мемлекет – бұл заң мен тәртіп үстемдігі.

БЛИЦ:

– Бүгін сондай бір тамаша мейрам болып жатыр, президентіміз қатысып. Алматы қаласына, нұр болсын, бақ болсын, дәулет болсын елімізде.

– Президентіміз бізге ел тыныштығын, бізге бақ береке тіледі. Әрдайым барлықтарымыздың отбасылармызда, президентіміз айтқандай мерекелі берекелі бола берсін. 

Наурыз береке бастауы. Өнер жұлдыздарының қатысуымен жалғасқан концертте де тосын сый көп. Алқалаған ағайынның алдына қазақтың даңқты ұлдарының бірі Димаш Құдайберген шығып, жұрттың көңілін көтерді, ұлттың рухын асқақтатты. 

Мерекелік концерттің сыртында халықтық ойын сауық, мәдени-спорттық шаралар да өтіп жатыр.

Алматы маңындағы Шебер ауылының тұрғыны Нағи Сәдуақасұлының қолөнершілік тәжірбиесі Қазақстанның тәуелсіздігімен тұспа-тұс. 92-жылдан бастап домбыра, бесік, ағаш ыдыс-аяқ жасап, қамшы өріп кәсіп қылады. Оның аулында 50 отбасы осы қолөнерді серік еткен. Тіпті әр жанұяда 2-3 шеберден бар. Ағаш ұстасы бүгінгі айтулы күнді өзінің кәсібі тұрғысынан былай деп тәпсірлейді.

Нағи Иманбаев, қолөнер шебері:

– Бүгін Ынтымақ күні екен. Ынтымақ негізі Шаңырақтан басталады ғой. Тегенеге шұбат әкеліп, оны тостаққа құйып беріп әрқайсысына ұсынғанда керемет. Дәм осы негізі шаңырақтан басталатыны. Қонағың келгенде алдына жарқыратып астаумен ет алып келсеңіз ол қандай керемет. Қазақ ынтымақты ел жарасады дейді ғой. 

Ынтымақ болса ел іші ғана емес, елдер де жарасатынына Алматының Наурызы анық дәйек. Абай алаңында НаурызФест фестивалі ұйымдастырылды. Оған Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түркия, Моңғолия және Башқұртстан елдері қатысып өз мәдениеті, қолөнерін, салт-дәстүрін, музыкасын паш етті. Президент НаурызФест айшықтарын тамашалап, келген жұртпен жүздесті. Бұл жердегі айрықша дүниенің бірі Робо-киіз үй. Инновациялық туынды роботты техника саласындағы еліміздің жас өрендерінің озық туындыларын әйгілейді.

Берік Дүйсенбай, тілші:

Тәуелсіз Қазақ елі егемендігінің бастауы Алматыда айрықша мерекелік ауан. Көрісу де, қайырымдылық та, мәдени айшықтар мен салт-дәстүр салтанат құрған күн болды.  Ынтымаққа ұмтылыс та, жаңару да, тазару да осында. Наурызнамадағы құндылықтарға құрылған шаралардың барлығын Алматыдан көре алдық. 

Берік Дүйсенбай, Ерлан Наурызбай, Бақытбек Нұртаев