Тоқаев шетте жүрген Қазақстан ғалымдарын елге шақырды

Тоқаев шетте жүрген Қазақстан ғалымдарын елге шақырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде шетте жүрген отандық ғалымдарды елге шақырды.

Бүгінгі жиында шетелдік ғылыми орталықтарда табысты жұмыс істеп жүрген ғалымдарымызды Қазақстанға қайтару маңызды деген пікір айтылды. Бұл ұсынысты қолдаймын және отандастарымызды өз зерттеулерін Қазақстанда жалғастыруға шақырамын. Мемлекет өз тарапынан мұндай ғалымдарға ұйымдастырушылық тұрғыдан және қаржылай нақты көмек көрсетеді. Шетелде жұмыс істейтін ғалымдарды бұған дейін де шақырғанбыз. Осы мәселені мұқият ойластыру керек. Ғылым өзінің ауқымы мен сипаты жағынан жаһандық деңгейде болғандықтан бұл жерде жалаң патриотизмге берілу орынсыз. Әйтсе де Қазақстан ақыл-ойдың жаһандық бәсінен тыс қалмауы керек – деді ол.

Өте білімді адамдар, сұранысқа ие ғалымдар жақсы жалақы, зерттеуге қолайлы жағдай іздеп немесе жай ғана жаңа тәжірибе үшін басқа мемлекеттерге жиі қоныс аударады.

Мықты ғалымдардың келуі еліміздің дамуына тың серпін береді әрі адами капиталдың сапасын айтарлықтай жақсартуға ықпал етеді. Мұны әлемдік тәжірибе анық көрсетіп отыр. Халықаралық тәжірибені жан-жақты зерттеп, шетелден білікті мамандар мен ғалымдарды тарту мақсатында барлық мүмкіндікті қарастырған жөн. Ол үшін елімізде табысты еңбек етуге қолайлы жағдай жасау керек. Жалпы, мемлекет, ғылыми қоғамдастық және бизнес арасындағы жасампаз серіктестік отандық ғылымды өрге сүйрейтін негізгі шарт екеніне сенімдімін – деді Мемлекет басшысы.

Ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Әсіресе дарынды, қабілетті жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау өте маңызды.

Жасампаздық, жаңашылдық, білімпаздық және ғылымға құштарлық – нағыз озық елге керек басты қасиеттер. Мен Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында осы мәселеге арнайы тоқталдым. Біз тұтас қоғам болып ғылымды жан-жақты насихаттауға күш салуымыз керек. Ғылымға қызығушылықты мектептен бастап оятқан жөн. Тұтас қоғам болып ғылым-білімді дәріптеуіміз керек. Қажет болса, арнайы құжатты дайындаймыз. Ғылым және жоғары білім министріне осы мәселені пысықтауды тапсырамын – деді Президент.

Қазір Парламентте «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы талқыланып жатыр.

Бұл заң ғылымның дамуына зор серпін береді деп сенемін. Жалпы білім мен ғылымға озық халықаралық тәжірибе ауадай қажет. Сіздер әлемнің үздік ғылыми орталықтарында болып, тәжірибе жинақтап жүрсіздер. Кезінде халқымыздың көрнекті тұлғалары мен қайраткерлерінің де ағартушылықпен айналысқаны тегін емес. Қазір жас ғалымдардың заманы туды. Сіздер ұсынған, ойлап тапқан жобалардың игілігін бүкіл еліміз көруі керек. Бір сөзбен, сіздер сияқты ғалымдар отанымыздың ғылыми-техникалық даму көшін бастауы керек. Себебі, ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады. Ғылымсыз ел құрдымға кетеді. Ал ғылымы озық ел кез келген дағдарысты еңсере алады – деді Тоқаев.

Ғылым өркендесе, экономика да өркендейді. Яғни халықтың әл-ауқаты артады.

Түптеп келгенде, ғылым азаматтардың тұрмысын – сапалы, болашағын – жарқын етуге тиіс. «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» боламыз десек, осы мақсатты жүзеге асыруымыз керек. Мемлекет пен ғылыми қауымдастық бұл жұмысты жұмыла атқарады деп сенемін – деді ол өз сөзінде.