Тоқаев: Отандық өнеркәсіп үшін маман даярлау – өте өзекті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде кадр мәселесіне жан-жақты тоқталды.
«БЕСІНШІ. Ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту мәселесі өте өзекті. Сондай-ақ экономиканың маңызды салалары бойынша кәсіби мамандар даярлау жұмысын күшейту керек. Ғылыми жаңалықтың бәрі ғалымдардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Кез келген жетістік, ең әуелі, адамға, яғни адам капиталына тікелей байланысты. Сондықтан жас ғалымдарды жан-жақты қолдау қажет. Грант арқылы жүзеге асырылатын жобалардың үштен бірі жас ғалымдарға тиесілі. Әрине, мұндай жобалардың санынан гөрі, сапасы маңызды. Жыл сайын жас ғалымдарға байқаулар арқылы берілетін гранттың қаржы көлемін арттыру керек. Қазір жас ғалымдарымыз әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында стажировкадан өте алады. Бұл – жақсы үрдіс. Оны жалғастыра беру қажет – деді Тоқаев.
Ол «Жас ғалым» бағдарламасының тиімділігін атап өтті.
Менің тапсырмаммен жүзеге асырылып жатқан «Жас ғалым» бағдарламасының тиімді екенін көріп отырмыз. Оның ауқымын кеңейту керек. Яғни оған ғылыми институттарда және ұйымдарда жұмыс істейтін жас мамандарды қосуға болады. Сондай-ақ ғалымдарға докторантурадан кейін шетелде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беру қажет. Олардың зерттеу жұмысымен алаңсыз айналысуына жағдай жасау керек. Ғалымдар лайықты стипендия алуға тиіс. Шетелде тәжірибеден өткен азаматтардың ішінде докторанттардың үлесі – небәрі 1,6 пайыз. Бұл – өте аз. Үкімет олардың қатарын көбейту үшін нақты шаралар қабылдауы қажет – деді Мемлекет басшысы.
Еліміздің оқу орындарында білім алып жүрген азаматтардың арасында да докторанттардың үлесі төмен.
Мен былтыр докторантураға жыл сайын 5 мың адамға дейін қабылдау туралы тапсырма бердім. Ол үшін тың тәсілдер керек. PhD-ді ғылыми әлеуеті зор және терең зерттеу жүргізе алатын білім ордалары даярлауға тиіс. Үкімет магистратура және докторантура бағдарламасына арналған гранттың құнын арттыру қажет. Білікті мамандарды іріктеу, даярлау және олардың ғылым саласында қалуына жағдай жасау – өте маңызды мәселе. Грант санын арттырып, оның құнын көтерген кезде осы мәселеге баса мән беру керек – деді Президент.
Алдыңғы жылы бір жарым мыңнан астам докторанттың небәрі 38 пайызы диссертация қорғаған. Олардың жартысына жуығы ғана ғылым саласында қалды.
Ғылым докторларын дайындауға орасан зор қаржы жұмсалғанын ескерсек, бұл көрсеткіш әлі де төмен. Бұл мәселені тыңғылықты зерделеп, ахуалды түзеу үшін қажетті шара қабылдауды тапсырамын. Ірі өндірістік компаниялармен бірге «индустриалды PhD» даярлау механизмін әзірлеп, қолданысқа енгізген жөн. Тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен ғылыми зерттеулер өзара байланыса отырып, өндіріске инновациялық шешімдерді енгізуге ықпал етеді. Жалпы, еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттердің филиалдары экономикамыздың басым салалары үшін ғалымдар мен білікті мамандарды жедел даярлауға тиіс. Мысалы «жасыл» энергетика, климаттың өзгеруі, су ресурстарын үнемдеу салаларындағы кадрларға сұраныс айтарлықтай артып келеді – деді Тоқаев.
Отандық өнеркәсіп үшін маман даярлау ісі – өте өзекті мәселе.
Ғылым және жоғары білім министрлігіне халықаралық стандарттар мен тәжірибені ескеріп, инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың ұлттық моделін әзірлеуді тапсырамын. Бұған қоса өңірлік жоғары оқу орындарының базасында озық инженерлік мектептер ашу қажет. Бұл мектептердегі білім беру бағдарламалары мен технологиялық жобалар өнеркәсіптің басым салаларындағы сұранысқа негізделуі керек. Білім саласы мен еңбек нарығын ұштастыруға ықпал ететін «Менің мамандығым – менің болашағым» жобасы жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Жоба аясында Мамандықтар атласы әзірленіп, экономиканың құрылымы мен әр аймақтың даму тенденциясы зерттелуде – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келешекте әр өңірдің белгілі бір салаға мамандануын көрсететін Өңірлік экономика атласын дайындау мәселесін пысықтау керек.
Мұның бәрі білім беру бағдарламаларын уақытылы жаңартуға мүмкіндік береді. Негізгі міндет – өңірлік жоғары оқу орындарын кадрларды алдын ала даярлайтын және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін орталыққа айналдыру – деді Мемлекет басшысы.