Мемлекет басшысы Саха Республикасының басшысын қабылдады
Қазақстан мен Саха Республикасы арасындағы сан қырлы байланыс қарқынды дамып келе жатыр.
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Саха Республикасының басшысы Айсен Николаевты қабылдады. Тараптар, қос ел арасындағы қарым-қатынас пен ынтымақтастық перспективаларын сөз етті. Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға қос халыққа ортақ дүниелер көп екендігін айтып, ерекше құрметін жеткізді. Сондай-ақ Президент Қазақстанда Саха Республикасының күндерін өткізу бастамасын қолдады. Оның аясында мәдени және спорттық шаралар ұйымдастыру, Якутияның инвестициялық, туристік әлеуетін таныстыру жоспарланған. Айта кету керек, бүгінде екі ел арасында өзара тауар айналымы айтарлықтай арта түскен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз өзара қарым-қатынас пен ынтымақтастық перспективаларына зор ықыласпен қараймыз. Сіздің Республикаңызға, якут халқына деген құрметіміз ерекше. Қос халыққа ортақ дүниелер көп. Сізбен бірге құрамында іскерлік топтар мен мәдениет өкілдері бар үлкен делегация келгенін айрықша атап өткім келеді.