Тоқаев: Малайзиямен ынтымақтасуды арттыруға дайынбыз
Малайзияның Премьер-министрінің елге сапары аясында құны 500 млн доллардан асатын маңызды құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.
Мәртебелі мейманды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдап, тараптар келелі келіссөздер жүргізді. Азияның оңүстік-шығысындағы елмен қай салалардағы әріптестікті арттыруға болады?
Риат Шони, тілші:
- Орнықты дамудың жаңа дәуіріне қадам басар тұста Азия елдері көш бастап тұр. Оған мына сандар дәлел. Биыл Азия елдері әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60 пайыз өсіміне қол жеткізеді деген болжам бар. Демек, сары құрлық мемлекеттері әлемдік экономика өсімінің негізгі қозғаушы күшіне айналуда. Ал Малайзия экономикасы мықты деген мемлекеттерден құралған Оңтүстік шығыс Азия елдері қауымдастығының мүшесі. Сондықтан сауда-саттық пен транзиттік әлеуетті арттыруда келелі келіссөздер жүргізу Қазақстан үшін аса маңызды.
Осындай келіссөздер жүргізу үшін бүгін елге ресми сапармен Малайзияның Премьер-министрі Ануар Ибрагим арнайы келді. Мәртебелі мейманды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резиденциясында қошеметпен қарсы алды. Құрмет қарауыл ротасы сап түзеп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Тараптар екі елдің делегация мүшелерін таныстырғаннан кейін екі жақты келіссөз жүргізді. Жалпы қазір Қазақстан мен Малайзия арасындағы әріптестік лайықты деңгейде дамып келеді. Алыс беріс те ширай түсті. Былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық 246,5 млн долларға жеткен. Оның 33 млн-нан астамы қазақстандық экспорт. Азияның оңтүстік-шығысындағы мемлекет бізден негізінен мұнай, қара металл өнімдері мен трансформаторларды импорттайды. Ал Қазақстанға тұрмыстық техника, телефон сынды тауарларды экспорттайды.
Екі ел арасындағы сауда-саттық
2023 ж. – $246,5 млн
Экспорт – $33,1 млн
Импорт – $213,4 млн
Экспорттық Өнімдер
Мұнай шикізаты
Қара металл өнімдері
Трансформаторлар
Геодезиялық құрылғылар
ИМПОРТТЫҚ ӨНІМДЕР
Пальма майы
Тұрмыстық техника
Телефон
Маргарин
Болат Сүгірбаев, ҚР Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі:
- Малайзия елінің статистикасына сай биыл бірінші тоқсан қорытындысы бойынша арадағы сауда-саттық 30 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш әрі қарай да өседі деген сенімдемін. Оған араға 10 жыл салып жоғары деңгейде жасалған осындай сапар себеп бола алады. Қазір әлем назары Азия елдеріне ауған. Бұл жақта да үлкен инвестициялық әлеует бар.
Малайзия - Қазақстанның Оңстүстік-Шығыз Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі. Сондықтан да арадағы байланыстарды одан әрі дамыту керек. Бұған Малайзия Үкімет басшысының жасаған сапары тың серпін береді, деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан мен Малайзияны ұзақ жылғы достық пен өзара ынтымақтастық арқауы байланыстырады. Бізде бұл бағытта жақсы дәстүр қалыптасқан. Сондықтан Сіздің сапарыңыз екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Біз көптеген маңызды салаларда өзара ықпалдастығымыз бен ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту үшін қосымша күш жұмсауға дайынбыз.
Қазіргі геосаяси және экономикалық ахуалға байланысты елдердің қарым-қатынасын одан әрі нығайтудың маңызы арта түсті. Қазақстан мен Малайзияның сан саладағы әріптестігін дамыта алатын зор әлеуеті бар. Бүгінде Малайзия Оңтүстік-Шығыс Азияның жаңа IT-хабына айналуды көздейді. Тиісті дата-орталықтар құрылып, ірі компаниялар тартылуда. Осы ретте қазақстандық стартап жобалардың экспортқа шығу мүмкіндігі артып отыр.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Біздің істеген жұмыстарымызды көрсетуге дайынбыз. Біздің IT технологиярды, стартаптарды осы экспортқа шығарып, оларға көмек көрсетуге дайынбыз. Малайзияның технологияларын қарап, біздің стартаптармен кездесу өткізіп, көмек көрсететін боламыз.
Араға 10 жыл салып Қазақстанға келген Малайзия Премьер-министрінің бұл сапарында тарихи мән бар. Себебі бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашады. Кеңейтілген құрамда өткен келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Малайзиямен анағұрлым тығыз әрі нәтижелі ықпалдастық жасауға дайын екенімізді жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ынтымақтастығымыздың келешегі зор екеніне сенімдімін. Сіздің бизнес-форумға қатысу ниетіңізді құптаймын. Іскерлік топтар арасындағы байланыстар – өзара қарым-қатынасты дамытудың маңызды факторы. Біз малайзиялық компаниялардың қатысы бар жаңа табысты жобалардың жүзеге асырылуын қолдаймыз. Бұл ретте Қазақстан Үкіметі қажетті көмек көрсетуге дайын. Бұдан бөлек, екі елдің азаматтары мен бизнесмендері 30 күндік визасыз режимнің және қолайлы тікелей әуе қатынасының игілігін көріп отыр. Сонымен қатар 500-ден аса қазақстандық студент Малайзия университеттерінде білім алады. Олар екі ел арасындағы «алтын көпір» қызметін атқаратыны сөзсіз.
Осы студенттердің барыс-келісі биыл едәуір жеңілдей түсті. Себебі көктемде Қазақстан мен Малайзия арасын қатынайтын жаңа әуе рейсі ашылады. Енді Алматыдан Куала-Лумпурға 7-8 сағатта жетуге болады.
Малайзия, Куала-Лумпур
Амир Хайдаров, 24KZ арнасының тілшісі:
- Оқуға келетіндер үшін бұл өте ыңғайлы. Бұрын біз Түркия арқылы немесе Дубай арқылы Малайзияға келетінбіз. Ал қазір Алматыдан тікелей рейспен келе аламыз. Дубайға немесе Түркияға 4-5 сағаттай ұшу керек болған. Содан кейін ары қарай 10 сағаттай Малайзияға. Ол өте ыңғайсыз және уақытты көп алатын жол болған. Ал қазір 7 сағатта Алматыдан тікелей Куала-Лумпурға келе аламыз.
Бұл рейстің іске қосылуы елге инвестиция тартуға да оң ықпал ететіні сөзсіз. Қазір 30-ға жуық бірлескен компания жұмыс істейді. Малайзия тарапы оның санын арттыруға ниетті. Қазақ басшысымен кездесу барысында Малайзия премьері Ануар Ибрагим нақты ұсыныстар және елде табысты жүзеге асырылған өзгерістерден үлгі алуға келгендігін айтты.
Ануар Ибрагим, Малайзия Премьер-министрі:
- Біз дамып келе жатқан экономикалық қатынастардан барынша пайда таба аламыз. Нақты ұсыныстарымыз бар. Министрлеріңізбен импорт және экспорт мәселелері жөнінде екіжақты кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Малайзияның тауарлар нарығы орасан зор. Қазіргі кезде біздің еліміз компьютер чиптерін өндіретін өңірлік хабқа айналды. Оған АҚШ, Еуропа елдері, оның ішінде Германия, сондай-ақ Қытай ауқымды инвестиция құйып отыр. Біз өз тәжірибемізбен бөлісіп, Сіздің елде табысты жүзеге асырылған өзгерістерден үлгі алғымыз келеді. Әлбетте, халал-индустрия секілді салалар да назардан тыс қалмауы керек. Сонымен қатар біз ислам-банкингінің перспективасын қарастырамыз.
Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагим Қазақстанға үлкен делегациямен келді. Оңтүстік-Шығыс Азия елінің бізбен әріптестік аясын кеңейтуге деген ынтасын осыдан-ақ аңғаруға болады. Ал ертең екі елдің Үкімет басшыларының қатысуымен үлкен бизнес-форум өтеді. Шарада құны 500 млн доллардан асатын маңызды құжаттарға қол қойылады деп жоспарланған.
Риат Шони, Марат Диханбаев