Сингапур Қазақстандағы қала салу мүмкіндіктеріне қызығып отыр
Қасым-Жомарт Тоқаев 23-24 мамыр күндері мемлекеттік сапармен Сингапур Республикасына барады, деп хабарлайды 24KZ.
Мұнда бірқатар кездесу өткізіп, бизнес-форум жұмысына қатысады деп жоспарланған. Сапар Сингапур президенті Тарман Шанмугаратнамның шақыруымен өтеді. Екі ел арасында, қандай келіссөздер күтілуде?
Бекзат Аманов, тілші:
- Сингапурды жаһан жұрты долларлық миллионерлер ордасы деп атайды. Тіпті таңғажайып технологиялар аралына балап жүргендер де өте көп. Себебі, аз уақыттың ішінде осы шағын мемлекет алып халықаралық қаржы орталығына айнала білді. Ең қызығы, бұл ел сарқылмас бай шикізат қорымен де мақтана алмайды, көршілерінен тұщы су мен топырақ, құм мен жерді де сатып алып отыр. Соған қарамастан әлемдегі ең бай елдердің қатарына кіреді.
Шығыс пен батыс колориті қатар тоғысқан мемлекет қатаң заңдарымен де көпке мәлім. Соның арқасында жемқорлықты едәуір азайтып, әлемдегі қылмыс деңгейі ең төмен мекеннің біріне айналды. Қауіпсіз әрі жайлы ортаға инвесторлар да жаппай ағылатыны түсінікті. Темірдей тәртіп, қолайлы жағдай орнаған соң жаһан кәсіпкерлері де лезде жинала қалды. Нәтижесінде жұмыссыздық жойылып, Сингапур ЖІӨ бойынша жетекші елдердің қатарына кірді.
Ақылды ақшаға айналдырған халықтан үйренеріміз мол. Біздің тарапты цифрландыру, білім, инвестиция бағыты қызықтырады. Сондай-ақ Азия жолбарысының әлеуетімен логистикаға дем бере аламыз. Былтыр Сингапурдан бір топ белді делегация Астанаға келген. Сол сәтте біраз мәселе талқыланды. «Ендігі сапар – сол уағдаластықтарды пысықтауға мүмкіндік береді», - дейді сарапшылар.
Жанат Момынқұлов, шығыстанушы:
- Қазақстандағы қала салу мүмкіндіктері Сингапурды қазір қызықтыруда. Бізде Алматы облысында Қонаев қаласына тиесілі аймақта Ж4 Сити, 4 үлкен қала ошағы салынбақшы. Осы жобаға қызығушылық білдіріп отыр деп білемін. Сонымен қатар медициналық қызмет көрсету, әртүрлі цифрлық жобаларға, инфрақұрылымға, құрылыс салаларға қызығушылық білдіріп отыр.
Серіктестікке серпіліс беретін тағы бір сала – инвестиция. Мұнда аясын кеңейткісі келетін алпауыт компания көп. Оларға Орталық Азия нарығына кіру маңызды. Өңір көшбасшысы ретінде Қазақстанға қызығушылық жоғары. Сол үшін Сингапурдың қалталыларын елге шақырып, жаңа кәсіпорындар құру ісі ширай түспек.
Олжас Зейнеқұл, Investbank негізін қалаушы, бас директоры:
- Екі ел де бір-бірімен тығыз қатынас орнатуға ниетті. Себебі жаңа нарықтар ашу мүмкіндігі тұр. Мұндағы компаниялар Қазақстан арқылы Орталық Азияға кіре алса, біз Шығыс Азиямен алыс-берісімізді көбейте аламыз. Тиісінше, екі ел арасында жалғай отырып, екі аймақтың нарығын байланыстырағымыз келеді. Біз Сингапурда Орталық Азияға бағытталған бірінші инвестициялық хаб ашамыз. Негізінен венчурлық инвестиция және жасанды интеллект саласына басымдық беріледі.
Былтыр екі елдің тауар айналымы 1,8 млрд долларға жетті. Оның 1,78 млрд доллары – экспорт. Яғни, Сингапур көбіне біздің өнімге мұқтаж. Ал импорт небәрі 81 млн доллар. Бұдан Қазақстан шикізатына деген қажеттілік барын байқаймыз. Мамандардың пайымынша, дәл осы бағыттағы ықпалдастықты арттыруға мүмкіндік мол. Қазір екі мемлекет құны 632 млн долларға татитын 13 жобаны жүзеге асырып жатыр. Жалпы Сингапурмен серіктестік серпіліс әкелетініне ешкім шүбә келтірмейді. Бұл – жаһанның кез келген мемлекеті үшін маңызды мүмкіндік.
Саудадағы серіктестік
Тауар айналымы – $1,8 млрд
Экспорт – $1,78 млрд
Импорт – $81 млн
Таисия Мармонтова, «Еуразиялық мониторинг» аналитикалық зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі:
- Қазақстан кенге бай мемлекет. Бұл жағынан жолымыз болған. Ал Сингапурдың жолы болмады. Оларда адам да, ресурс та, еңбекқорлық та болды. Соның арқасында қолда барды тиімді пайдалана алды. Бұған ЖІӨ өсімі, кәсіпорындардың көбеюі дәлел. Мұны бүкіл әлем мойындады, бұл елдің жетістігін экономистер аңыз қылып айтып жүр.
Қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің дипломатиялық жолын Сингапурдан бастаған. Бұл да келіссөздердің келелі болуына ықпал етері анық. Президент жергілікті халықтың тыныс-тіршілігімен ете таныс, демек, мүмкіндіктерін де жақсы біледі. Сол үшін сапар аясында қалың қараша тұрмысына тікелей әсер ететін келісімдер көп болады деген сенім бар.
Авторлары: Бекзат Аманов, Марат Диханбаев, Дулат Ентебеков