Халық қаһарманы Сәт Тоқпақбаевқа Алтын жұлдыз бен «Отан» ордендері табысталды
Белгілі генерал-полковникке айрықша ерекшелік белгісін Ақорда резиденциясындағы салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берді.
Президент ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласының ардагерін қалың жұртшылық құрметтейтінін және оның еңбек жолы ел өмірімен тығыз байланысты болғанын айтты. Өз кезегінде Сәт Тоқпақбаев мемлекетіміздің қауіпсіздігі және еліміздің тыныштығы жолындағы еңбегін бағалағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді. Қазақ басшысының саясатын толығымен қолдайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Сіз қастерлі Отанымызға адал қызмет еттіңіз. Енді ғана тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болған жылдары аса жауапты міндеттерді атқаруға білек сыбана кірісіп кеттіңіз. Еліміздің тыныштығы мен тұтастығын сақтау үшін орасан зор үлес қостыңыз. Шын мәнінде мұны нағыз ерлік деп бағалауға болады. Қазір де қоғамға пайдалы істерді атқарып жүргеніңізді біз жақсы білеміз. Еліміздің лайықты азаматысыз.
Сәт Тоқпақбаев, Халық қаһарманы:
– Әділетті Қазақстан құру ісіндегі зор еңбегіңізді және сүйікті Отанымызды халыққа жайлы елге айналдыру мақсатында жүзеге асырып жатқан саясатыңызды толығымен қолдаймын. Мен де жастармен әскери оқу орындарында жиі кездесіп, Отанымыз Қазақстанның бүгінгі жарқын өмірі мен келешегі жайында әңгіме айтып жүрмін. Тәуелсіздігіміздің баянды болуы жолында Сізбен әрдайым біргемін!