Президент ауыл шаруашылығына серпіліс беретін алты бастама көтерді

Биыл отандық диқандар 27 млн тоннаға жуық астық жинады.

Бұл рекордтық көрсеткіш. Қамбаны дақылға толтырған шаруалар бүгін мемлекет басшысымен жүздесті. Бас қосуда Президент өнімді сақтау мен сатуға Үкімет көмектесетінін жеткізді. Ауылдағы ағайын үшін жағымды жаңалық мұнымен бітпейді. Биылдан бастап шаруалар көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жеңілдетілген несиені желтоқсан айынан бастап ала алады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл егістікке ерте дайындалуға көмектеседі.

Шетіне көз тастасаң ұшы-қиыры көрінбейтін, ауқымы кең ұлы дала. Алтайдан Атырауға дейінгі аралық тұтас меншігімізде. Асты да, үсті де байлыққа толы ен даланың арқасында Қазақстан әлемдегі ең астықты елдің біріне айналды. Бұл сөзсіз - ырысын жерден терген, нәпақасы термен келген еңбеккерлер қауымының арқасы. Ауылды аялдап, алқапты аялаған осы шаруалар қауымы бүгін Астанаға жиналып, Президентпен жүздесті.

Күзден қысқа ауған уақыт. Егістіктегі ағайын жылды осы мезгілде тәмамдайды. Қамба астыққа толып, бейнеттің зейнеті шықты. Демек, жылды қорытындылап, жоспар құруға кірісу керек. Форумның осы кезеңде ұйымдастырылып отырғаны да бекер емес. Негізі мақсат – өткенді саралап, болашақты бағдарлау. 

Отандық диқандар рекордтық өнім жинады 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биыл түрлі қиындыққа қарамастан, қамбамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терінде 26,7 миллион тонна дақыл жиналды. Бұл соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш. Шын мәнінде диқандарымыз тамаша нәтижеге жетіп отыр. Құттықтаймын және баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін!

Иә, диқандар биыл айды аспанға шығарды. Тасқын мен шегірткелер шабуылына қарамастан, рекордтық көрсеткішке қол жетті.

Өcім – 18 пайыз. 23 млн гектардан аса жерге егіс егіліп, 27 млн тоннаға жуық астық алынды. Атқамінерлердің айтуынша, жоғары көрсеткіш  технологияның арқасы. Егінді шығару бір бөлек, енді оны сақтап, сату да маңызды.

Өсімдік шаруашылығы өнімдерінің өсімі – 18,8%  ­            

Егістік алқап – 23,3 млн гектар     

Астық және дақылдар – 16,7 млн гектар         

Алынған өнім – 26,7 млн тонна 

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Саладағы серпілісті мемлекет мезіретімен де байланыстыруға болады. Биыл шаруаларды қолдауға бағытталған қаржы үш есе өскен. Ақша көп болған соң, нәтиже де жақсаратыны түсінікті. Мұны кәсіпкерлер де айтып отыр. Бір ғана мал шаруашылығын мысалға алсақ. Биыл тұяқтылар саны 3,5 пайызға өсті. Қазір елде 8 млн сиыр бар. Сондай-ақ, жайылымда 22 млн қой, ешкі және 4 млн жылқы жайылып жүр. Шаруалар олардың санын ұлғайтуға бейіл.

Мал саны 3,5%-ға өсті

Cиыр – 8,2 млн

Қой, ешкі – 22 млн

Жылқы – 4 млн 

Сырым Ертаев, "Кайып-ата" компаниясының құрылтайшысы:

- Мемлекет тарапынан үлкен қолдау ол жеңілдетілген несие. Соның арқасында мал санын көбейтіп, құрылысты кеңейтіп жатқан жағдайымыз бар. Мал санын 20 мыңға жеткізген болсақ, 50мыңдық қора соғып жатырмыз. 15 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысамыз, бірақ осындай үлкен форумға бірінші рет қатысып отырмыз + Мемлекеттен жеңілдетілген несие беріле бастаған бастап үлкен жоспар құрдық. Мал бордақылау т.б... Осы 5 жобаны іске асырамыз келесі жылға дейін.

Қаржыландыруға қарқын қосылады

Еңбеккерлерге көмек алда да ұлғая береді. Президент саланың дамуына негіз болатын алты бағытқа тоқталды. Оның алғашқысы дәл осы қаржыландыруға қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін жұмыстарын дер кезінде қаржыландыру – мол астық жинаудың кепілі. Жыл сайын төлемдерді кешіктіру салдарынан шаруалар егін егу барысында көп қиындықты бастан өткереді. Сондықтан менің тапсырмам бойынша көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жеңілдетілген несие биылғы желтоқсан айынан бастап берілетін болады. Соның нәтижесінде диқандар жанар-жағармайды, қосалқы бөлшектерді, басқа да қажетті тауарлар мен қызметтерді уақытында сатып ала алады.

Жасыратыны жоқ, осыған дейін салада статистика бұрмалау, жалған құжат пен  көзбояушылық көп болды.  Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай олқылықтарды түп тамырымен жоюға тапсырма бергенін айтып, Үкіметке субсидия берудің ашықтығын толық қамтамасыз етуді тапсырды. Содан кейін Агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыру жайында айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Таяу жылдары сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға көбейтуге мүмкіндік беретін 116 заманауи тауарлы сүт фермасы салынады. Жалпы қуаты жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін 29 фабриканы, сондай-ақ қуаты жылына 850 миллион жұмыртқа өндіретін 11 құс фабрикасын пайдалануға беру көзделген. 100 мыңға жуық ірі қараға арналған 6 бордақылау алаңын, сондай-ақ 50 мың бас уақ малға арналған бордақылау кешенін іске қосу жоспарланып отыр.

Президент ауыл шаруашылығы ғылымын өркендетуді тапсырды

Ауыл шаруашылығына ғылым енгізу де маңызды. Соның ішінде тұқым шаруашылығын жандандыру – стратегиялық міндеттің бірі. Алайда қазір картоп пен қант қызылшасы бойынша отандық тұқымның үлесі 10 пайызға да жетпейді. Президент мұны шұғыл шешуді тапсырды. Сондай-ақ, өзіміздің асыл тұқымды жануарларымызды сақтап қалу керектігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір елімізде жылқы саны үздіксіз өсіп келеді. Бұл жақсы үрдіс. Дегенмен асыл тұқымды жылқының үлесі бір пайызға да жетпейді, яғни 4,2 миллион жылқының 40 мыңы ғана асыл тұқымды. Сондықтан мал тұқымын асылдандыру жұмысына баса мән берген жөн.

Өнімділіктің артуы заманауи технологияға тікелей байланысты. Бұл ретте Түркістан облысындағы тамшылатып суару жүйесін шығаратын зауытты мысалға алуға болады. 11 млрд теңге құйылған инвестициялық жоба жылына 50 мың гектар алқапты суаратын машина шығарады. Айта кетейік, бұл Орталық Азиядағы тендессіз зауыт. 

Ниязәлі Бейсембаев, "BNK Group Ltd" компаниясының бас директоры:

- Мемлекеттік қолдау бар. Ол біздің өнімді сатып алған шаруа қожалықтарына 80 пайызға дейін субсидияланады. Сондықтан сұраныс та көп. 01.15 Бізде 1,1 млн гектар суармалы жер болатын болса, мемлекет басшысының тапсырмасы бар. 3 млнға жеткізу. Жыл сайын 150 мың гектарға жаңбырлатып немесе тамшылатып су үнемдеу технологияларын енгізу. Сол тапсырмаға сәйкес осы зауытты құрып, бүкіл Қазақстанда енгізіп жатырмыз.

Бізде минералды тыңайтқыштар аз қолданылады. Бұл отандық агросектордағы өзекті мәселе. Биыл егіс алқаптарына бұрынғыдан екі есе көп тыңайтқыш себілді. Бұл – ғылыми тұрғыдан қажет тыңайтқыштың 41 пайызы деген сөз. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз агротехнологиясы дамыған озық елдердің деңгейіне ұмтылуымыз қажет. Сондықтан импортқа тәуелді болуды азайту керек. Өзімізде шығарылатын тыңайтқыштар ауыл шаруашылығын толық қамтамасыз етпейді, сұраныстың жартысын ғана өтейді. Қазір елімізде құны 4 миллиард доллар болатын ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның арқасында 7 миллион тонна минералды тыңайтқыш өндірілмек. 

Азық-түлік қауіпсіздігін күшейту - маңызды міндет

Ауылдағы ағайынның техникаға қатысты түйткілі көп. Президент бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды да жіпке тізіп, экспорттық әлеуетке көшті. Қазақстан қоймаларды арттырып, астығын шетелге сатуға бейім де, бейіл де болу керек. Қазір осы үшін логистика бағытында белсенде жұмыс жүріп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сыйымдылығы 700 мың тонна болатын қоймалар салу мен жаңғыртудың кешенді жоспары қабылданды. Бұл жұмысты ұдайы бақылауда ұстау керек. Біз дәстүрлі өткізу нарықтарын сақтап қана қоймай, түрлі елдердің талаптарына бейімделген икемді жеткізу жүйесін құра отырып, экспортты әртараптандырғанымыз жөн.

Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі индексіндегі еліміздің көрсеткіштері жақсарып келеді. Қазақстан ТМД елдері ішінде көш бастап тұр. Бірақ тоқмейілсейтін уақыт емес. Биыл Қазақстанның экспортқа 12 миллион тонна астық шығара алады. Диқандардың өнімін сыртқы нарыққа шығаруға Үкімет қолдау көрсетеді. Мұны Президент міндеттеді. 

Аманқос Төлеуов, фермер:

- 25 мың га егін егеміз. Егіннің өнімі биыл әсіресе жақсы болды. Біздің регионда 16 жарым центнерден алу өте қиын. Ақтөбе өте қуаңшылық жер ғой. Кластер дейді ғой. Сол ұнды біз тартамыз. Оны ұн қылып Ақтөбе халқына 35-40 пайыз нан өнімін береміз. Мол өнімге жетуге себеп болғаны бізде біріншіден агротехнология дейді. Мамандар жақсы.

Келелі кеңеске әр өңірдің шаруалары жиналды. Бай-бағландар ғана емес, қарапайым өндірістік қызметкерлерге де төрден орын бұйырды. Олардың айтуынша, Президент ұсыныстарын толықтай орындау керек. Әсіресе, мектеп балаларына берілетін тамақтың азық-түлігін жергілікті кәсіпкерлерден алу оң ұсыныс дейді.

Камшат Төлеуова, "Нұралы" шаруа қожалығының өкілі:

- Президент Жолдауда жұмысшы мамандық иелеріне, өнертапқыштар мен ғалымдарға құрметті атақ беруді ұсынған еді. Осы игі бастама бүгінгі форумда да жалғасып тапты. Мемлекеттік марапаттар жүйесін 9 құрметті атақпен толықтырылып, «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы бар.

Бәтима Еркінова, "Кублей" ЖШС консервілеу бөлімінің бастығы:

– Екі заводымыз бар. Екі заводта шамамен 700 ден астам  адам еңбек етеді. Консервный заводта өнім бәрі бұқтырылып, пісіп шығады. Сол өнімдерді Қырғызстанға, Өзбекстан, Россияларға, сол жақтарға жібереміз. Біздер 8 мың крестьянское хозяйствомен жұмыс жасаймыз.

Одан бөлек Президент ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің көрмесін тамашалады. Көрмеде терең өңделген өнімдер, заманауи агротехнологиялар, инвестициялық, жобалар ұсынылған. Мемлекет басшысына егін және мал шаруашылықтарындағы, басқа да маңызды бағыттардағы инновациялық шешімдер мен жетістіктер таныстырылды. 

Шаруалар елордада бас қосты

Бекзат Аманов, тілші:

- Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін жинаған мұндай ауқымды форум тұңғыш рет өткіп отыр. Бірінші басқосуға 2 мыңнан астам адам жиналды. Ауыр жаздан шыққан ауылдықтардың отырысқа көңілі толған сияқты. Қазақ бел орақтың шыңы бір, шаруалардың мұңы бір дейді. Ал келелі кеңесте сол мұң-мұқтаж түгел айтылды.

Бекзат Аманов, Марат Диханбаев, Айдос Ентебеков