Қ.Тоқаевтың Сербияға сапарынан не күтеміз?

Мемлекет басшысы ресми сапармен Сербияға барды, деп хабарлайды 24kz.

Белградта Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізеді. Қос елдің Президенттері саяси, сауда-экономика, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ынтымақтастық перспективаларын талқылайды.

Оған қоса, бірқатар келісімге қол қойылмақ. Сөйтіп, Сербия сапарынан не күтеміз?

Бекзат Аманов, тілші:

- Қазақ-серб серіктестігі тереңнен тамыр тартады. Дунай мен Сава өзендерінің тоғысында орналасқан халық XV ғасырдан бастап Орталық Азиямен қатынаста болған. Балқан түбегімен бізді сауда-саттық байланыстырды. Тіпті кейінгі тарихымыз да ұқсас. Белград та тәуелсіздігін 1991 жылы алды. Көп ұзамай, бір жылдан кейін қос мемлекет дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Енді осы ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге зор мүмкіндік туып отыр.

Сербияның экономикасы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпке негізделген. Көлік-логистика саласындағы әлеуеті де мол. Демек, Орта дәлізді дамытуға ықпал ететін бірден-бір мемлекет.

Екі елдің тауар айналымы биыл 70 млн долларға жуықтады. Қазақстан 10 млн доллардың тауарын сатты, ал импорт 60 млн долларға жуық. Біз негізінен минерал аралас тыңайтқыштар, пропилен полимерлері және мақта жеткіземіз. Ал Белградтан қағаз, картон сынды өнімдер

Мадияр Сұлтанбек, «Kazakh Invest «ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Сауда-саттық көлемі салыстырмалы түрде аз болуы мүмкін. Дегенмен, оны ұлғайтудың әлеуеті мол. Қазақстанда екі ел бірлескен 11 жоба жұмыс істеп жатыр. Сербтердің қатысуымен 47 компания кәсібін дөңгелетуде. Олар сауда, автомобиль, ғылыми-техникалық қызмет және құрылыс сияқты салаларда белсенді. Біздің инвестициялық климат кейінгі кездері жақсарып келеді. Сол үшін ақша тартудың да орайы түсіп тұр.

Екі ел әлі көп салада ынтымақтаса алады. Әлеуетті бағыттың бірі – көлік-логистика. Қазақстан Транскаспий бағытын дамытуға ден қойып жатқаны баршаға аян. Бұл дәліздің тауар өткізу қабілетін ұлғайтуда Сербия үлкен рөл атқарады.

Әлішер Әбдірешев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ сарапшысы:

- Сербия Еуроодақпен де, Еуразиялық одақпен де тығыз байланысты. Сонысымен Қазақстан үшін маңызды ел саналады. Бұл тұрғыда көлік-логистикалық бағытты дамытудың орайы түсіп тұр. Тауар экспорты Орта дәліз арқылы тікелей Белградтан өтуі мүмкін. Бұл жерде Сербия маңызды рөл атқарады.

Экономика ғана емес, ғылым саласындағы серіктестіктен де аларымыз мол. Қазірдің өзінде ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар. Соның бірі – жоғары өнім шығаратын жүгерінің жаңа сортын шығару. Екі тараптың тиімді жұмысы нәтижесінде Қазақстанда өсететін өнім отандық нарықтың 85%-ін жауып отыр. Оған қоса, Қырғызстан мен Ресейге сатылады.

Лазар Коич, селекционер:

- Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы әлеуеті мол. Оның жер көлемі Сербиядан 22 есе үлкен. Қазба байлықтардың да қоры қоңды. 2007 жылдан бастап соя өсіруді қолға алдық. Бұл да маңызды бастамаға айналды.

Президенттің сапары осы серіктестікке серпін беру керек. Көлемді келіссөздер күтіліп отыр. Сарапшылардың пайымынша, сауда-экономика ғана емес, мәдени байланыс та беки түседі.

Авторы: Бекзат Аманов