Президент Мажарстанға мемлекеттік сапармен барды

t.me/aqorda_resmi

Сербиядан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірден Мажарстанға мемлекеттік сапармен барды, деп хабарлайды 24KZ. Будапешт әуежайында қазақ басшысын Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан қарсы алды. 2 күнге жоспарланған сапар аясында ауқымды іс-шаралар жоспарланған. Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстанның президентімен және премьер-министрімен кездесіп, екіжақты әріптестік аясын және ынтымақтастықты нығайту жағын талқыламақ. Сондай-ақ жергілікті бизнес өкілдерімен де әңгімелесіп, елге инвестиция тарту мәселелерін қарастырады.

Мажарстан – Еуропаның жүрегі, терең тарихы мен бай мәдениеті бар ел. 896 жылы негізі қаланған мемлекет бүгінде «Еуропаның шипажайы» аталып, термальды су көздерімен танымал. Будапештте 500-ден астам минералды ыстық бұлақ бар. Мажарстан жер жаһанға ғылымдағы жаңалықтарымен де танымал. 1974 жылы Эрне Рубик бәрімізге жақсы таныс Кубик Рубикті ойлап тапқан. Жалпы мұнда Нобель сыйлығының 15 лауреаты бар. Тарих пен мәдениеттің бірегей үйлесімі әрі өз таңғажайыптары мен жаңалықтарымен әлемді таңғалдыра беретін ел. Тағы айта кету керек, мұнда осы күнге қыпшақтардың дұғасы да сақталған екен.

Түбі бір түркі халықтарын ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыры байланыстырады. Бүгінде қазақ-мажар қатынасы бұрын-сонды болмаған деңгейге көтерілген. Арадағы алыс-беріс те жыл өткен сайын артып келеді. Биыл ол 9 айдың ішінде 144 млн долларға жеткен. Тауар айналымның негізгі бөлігін импорт құрайды. Қазақстандық экспорт болса 3,3 млн доллардың шамасында.

Ласло Ваша, Мажарстан сыртқы істер институтының аға ғылыми қызметкері:

- Ары қарай дамыту үшін не істеу керек? Менің ойымша, алдымен Қазақстандағы инвестициялық мүкіндіктерді таныстыру керек. Екінші мәселе – ол Қазақстан экономикасын әртараптандыру. Қазір жеткен жетістіктері мол. Дегенмен экономика мұнай-газ саласына негізделіп тұр. Мажарстан 10 жыл бұрын «Шығысқа ашылу» саясатын бастаған болатын. Оның түпкі мақсаты – Орталық Азия мен Шығыс елдерінің нарығына шығу. Міне, осы мүмкіндіктерді барынша пайдалану қажет.

Алдағы міндет – бұл көрсеткіштерді еселеп арттыру. Міне, осы және өзге де бағыттағы байланыстарды нығайту мақсатында Мажарстан еліне қазақ басшысы мемлекеттік сапармен келді.

Мажарстан – Еуропадағы теңізге шығатын жолы жоқ мемлекет. Сондықтан көп нәрсені сырттан тасиды. Ал былтыр Мемлекет басшысы еліміз Мажарстанға құны шамамен 700 млн доллар болатын 95 түрлі тауар жеткізе алатындығын айтқан.

Яғни, біздің энергетика, металлургия, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары бойынша өнім экспорттауға мүмкіндігіміз бар.

Мартон Краснай, Corvinus University Орталық Азияны зерттеу жөніндегі орталықтың ғылыми директоры:

- Қазақстан Орталық Азия аймағының ең ірі экономикасы саналады. Әлеуеті зор. Мұнай-газ, ауыл шарушалығы салаларында да бірлескен жобаларды жүзеге асыруға болады. Сонымен қатар Қазақстан – Қытай мен Еуропа дәлізінің маңызды мүшесі. Ал Мажарстан осы дәліздің қақпасы бола алады. Қазақстан аумағы арқылы өтетін Қытай өнімдерінің экспорты үлкен әлеуетке ие.

Екі елдің мәдени-гуманитарлық бағыттағы байланысы да жоғары деңгейде. Мәселен, соңғы 10 жылда Мажар Үкіметінің қолдауымен қазақстандық студенттер үшін оқу гранттары бөлініп келеді. Былтыр тараптар осы бағдарламаны жалғастыру туралы меморандумға қол қойған. Мажарстанның жетекші оқу орнында білім алып жүрген жерлестеріміздің бірі – Бахромжон Тұрғанжанов. Ол корпоратвитік қаржы мамандығын меңгеріп жатыр.

Бахромжон Тұрғанжанов, студент:

- Мен ағылшын тілін білгеннен кейін соны бір жерде қолданайын деп шештім. Жер көру, дүниежүзін көру үшін Мажарстанды таңдадым. Қазақстаннан өте көп студенттер. Барлығы жақсы оқиды. Internatinal bussines school – ол халықаралық бизнес мектеп. Ол жерде бакалавр, магистратура және foundation үйретеді. Будапештте орналасқан. 1500 студенттей бар. Барлығы шетелден келген. Бізде сондай халықаралық атмосфера.

Қазақстан мен Мажарстанның сыртқы саясаты бейбіт дипломатияға бағытталған. Халықаралық ұйымдар шеңберінде де әріптестік жоғары деңгейде дамып келеді. Қазір Мажарстан түркі мемлекеттері ұйымына бақылаушы мемлекет ретінде тіркелген. Яғни, Еуропалық интеграциядан бөлек, мажарлар түркі елдерімен де байланысын нығайтып жатыр.

Қанат Ыдырыс, ТМҰ Мажарстандағы өкілдігінің жобалар директоры:

- Бақылаушы болғанына қарамастан Мажарстан Түркі мемлекеттері ұйымының дамуына үлкен үлес қосып келеді. Оның біреу Еуропада Мажарстанда Будапешт қаласында ТМҰ өкілдіктің ашылуы, одан кейін құрғақшылықты алдын алу институтының құрылуы, түркі инвестициялық қорға Мажарстан өзінің контрибуциясын төлей бастады, өзінің үлесін қосып. Сонымен қатар ТМҰ келген 2 мыңға жуық студентке шәкіртақы беріп отыр. Бұл барлығы Мажарстанның ТМҰ болашағына сенетінін және осы ұйымға мүше мемлекеттермен тығыз байланыстарын дамытқысы келетінін көрсетеді.

Қазақстан Еуразия жүрегінде орналасқан ел ретінде Орталық Азия мен Еуропаны байланыстырушы рөлді атқарады. Сондықтан да Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мемлекеттік сапары екі аймақ арасындағы стратегиялық диалогты дамытуға бағытталған. Сапар аясында экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді көздейтін бірқатар келісімдер жасалады деп күтіледі.

Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев, Ділмұрат Сейдаханов.