Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдады.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қорғаныс ведомствосының биылғы атқарған қызметі туралы есеп берілді.
Мемлекет басшысына бөлімшелердің жауынгерлік дайындығы мен қарулы күштер қатарына күзгі шақыру науқанының нәтижелері, сондай-ақ әскери қызметтегі тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға, әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесі мен жалақысын арттыруға бағытталған шаралар жөнінде баяндалды.
Армияның жауынгерлік әлеуетін кезең-кезеңімен көтеру және әскерді даярлаудың жаңа тәсілдеріне көшу мәселелеріне айрықша назар аударылды.
Руслан Жақсылықов мемлекеттік қорғаныс тапсырысының орындалу барысы туралы баяндап, әскердің қару-жарақ пен техниканың жаңа үлгілерімен, атап айтқанда, ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелерімен, радиоэлектрондық күрес кешендерімен жарақтандырылып жатқанын хабардар етті. Бұдан бөлек, жауынгерлік машиналарды және байланыс құралдарын жаңғырту, рационализаторлық жұмысты, сондай-ақ әскери инфрақұрылымды дамыту мәселелері қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бітімгерлік контингентінің БҰҰ аясында Голан жоталарында атқарып жатқан қызметі маңызды екенін атап өтті.
Кездесу соңында Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев министрге отандық қорғаныс кәсіпорындарымен өзара ықпалдастықты жандандыру, аумақтық қорғаныс пен арнайы операция күштерін дамыту, әлеуметтік-құқықтық жұмысты күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.