Елімізде битум қорын қалыптастыру қиындық тудырды
Кейінгі жылдары елде жол көптеп салына бастады.
Былтыр 10 мың шақырымға асфальт төселсе, биылғы меже – 12 мың шақырым. Көктемде тағы жол құрылысы басталады.
Ал құрылысты ойдағыдай жүргізу үшін битум керек. Жолшылар жұмыс қызғанда битум табу қиын дейді. Тапшылықты жою үшін Үкімет қандай шараларды қолға алды?
Тапшылықты жою мақсатында қолға алынған жұмыс бар. Тіпті алдағы жылдары өзімізден артылып, битум экспорттай бастауымыз да мүмкін.
Битум қорын қамдау қиын
Қазақстан 2032 жылға қарай битум экспорттай бастауы мүмкін. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев осылай дейді. Қазір зауыттардың қуатын арттыру бойынша үлкен жұмыс жүріп жатыр.
Елде жылына 1 млн 200 мың тонна битум өндіріледі. Бұл ішкі нарықты толық жабуға жеткілікті. Дегенмен күн жылығанда жолшылардың битум таппай шарқ ұратыны да рас. Мәселені шешудің бірнеше жолы бар дейді жауапты министрлік. Біріншіден, жол компаниялары зауытпен ұзақ мерзімді келісімшарт жасауы қажет. Соның арқасында өндірісті жоспарлап, өнімді уақытында жеткізу мүмкіндігі туады. Алайда жол саласындағы ұйымдардың битум қорын жинайтын арнайы қоймасы жоқ. Сәтқалиевтің айтуынша, министрлік мәселені шешуге тырысып жатыр.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Жазда битумға сұраныс көбейеді. Өздеріңіз білесіздер, бұл кезде жолдардағы жұмыс қызады. Соның салдарынан тапшылық туындайды. Біз жол құрылысын жүргізетін компанияларға ертерек қамдануға кеңес береміз. Әрине битумды сақтау үшін жылытылатын орын қажет. Ал ондай орын әр компанияда жоқ. Сондықтан қазір зауыттарға битумды қаптап шығаруды тапсырдық. Қапталған битумды жылы жерде сақтауға болады. Дегенмен келешекте әр компания битум сақтайтын арнайы орын жасақтағаны жөн. Бұл мердігерлердің өздеріне жақсы.
Елде битум сақтайтын 40 қойма бар
Битум тапшылығы қымбатшылыққа әкеледі. Мәселен, қоймалары бар ірі компаниялар битумды қыста сатып алады. Ал жазда үстіне баға қосып сатады. Жаны қысылған мердігер оны кез келген бағаға алуға мәжбүр. Министрдің сөзіне сүйенсек, қойма құрылысын кез келген кәсіпкердің қалтасы көтермейді. Сондықтан мемлекет құрылысты субсидиялағаны қажет. Немесе салықтық жеңілдіктер беру керек. Бүгінде елде 40-қа жуық битум сақтайтын орын бар. Олардың жалпы көлемі 200 мың тоннадан асады. Алдағы уақытта Ақтөбе, Алматы және Қарағанды қалаларында қоймалар салынбақ. Олардың сыйымдылығы 90 мың тонна болады. Сондай-ақ битум зауыттарының қоймаларын кеңейту қарастырылып жатыр. Бұл қадамдар жаздағы тапшылықты азайтуға тиіс.
2032 жылы 2,5 млн тонна битум өндіріледі
Дегенмен мамандар алдағы жылдары сұраныс артатынын болжап отыр. Яғни өндіріс қарқынын арттыру қажет. Бұл мақсатта бірнеше жоба қолға алынбақ. СНХ.
Асхат Хасенов, "Қазмұнайгаз" ҰК АҚ Басқарма Төрағасы:
- Ішкі нарықты битуммен қамтамасыз ету де жеке бақылауымызда оның ішінде Ақтау қаласындағы битум зауыты – “Каспийбитум” қуаты 500 мың тоннадан 750 мың тонна битумға дейін кеңейту жобасының жұмыстары басталды қазіргі таңда.
“Каспийбитум” зауыты өндірістік межеге келесі жылдың ІІ тоқсанында шығады. Осылайша өндіріс көлемі 1 млн 450 мың тоннаға жетеді. Сондай-ақ Ресейден жылына 500 мың тонна импорттау жоспарланып отыр. (ГРАФИКА) Бұдан бөлек таяу жылдары 2 зауыт салынады. Нақты айтқанда 2026 жылы Ақтөбеде Qazaq Bitum зауыты тұрғызылады. Бұл кәсіпорын жылына 700 мың тонна өндіреді. Ал 2030 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытында жалпы қуаты 770 мың тонна болатын зауыт іске қосылады. Нәтижесінде 2032 жылы елдегі битум өндірісі 2,5 млн тоннаға жетеді. Министрлік осы өнімнің 10 пайызын экспорттауды көздеп отыр.
Битум өндірісін ұлғайту жоспары
2032 жыл
Qazaq Bitum – 0,7 млн тонна
Шымкент МӨЗ – 0,77 млн тонна
Caspi Bitum – 0,75 млн тонна
Павлодар МӨЗ – 0,3 млн тонна