Тоқаев: Қазақстан су ресурстарын басқаруды нығайтуға үлес қосуға дайын
Қазақстан жаһандық Freshwater Challenge бастамасына қосылды.
Осылайша еліміз халықты таза ауыз сумен қамтуға бейілді екенін көрсетіп, ауқымды жұмыстарды атқарғалы отыр. Бұл туралы One Water саммитіне қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Басқосуда су саясаты талқыланып, тіршілік көзінің төңірегіндегі түйіткілдер талқыланды. Президент салаға серпіліс беретін бірнеше ұсыныс беріп, әлемді мәселеге қарсы күш біріктіруге шақырды. "Суда шекара болмайтынын" да ерекше атап өтті.
Бұл ауыз суға жарымай отқан халықтың мүшкіл хәлі. Қазір әлемде 2 миллиардтан астам адам таңдайы құрғап, өңешін жібіте алмай отыр. Тағы 4 миллиардтан астам халыққа тіршілік нәрі жетіспейді. Тапшылық тұтас жаһанды тығыраққа тіреді. Сарапшылардың болжауынша, көп ұзамай еліміз де судан тарығуы мүмкін. Жаһанға төнген ортақ қатерді еңсеру үшін әлем басшылары Сауд Арабиясына жиналды.
Бұл мәселеде қаймана қазақтың да қамы бар. Елдің оңтүстігін бірнеше жылдан беру қуаңшылық қысып тұр. Аңқасы кепкен айдын көп. Ал 2040 жылға қарай су тапшылығы 50 пайызға жетуі мүмкін. Ордалы отырыстың тұғырында Қазақстан тұрғаны да осыдан. Еліміз саммитке Франциямен бірлесіп төрағалық етуде. Негізгі мақсат – су тағдырын маңызды мінберлерге көтеру, жоғары саяси деңгейде талқылау. Сол үшін Президент сөзін ілтипаттан бастап, іркіліспен қостады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Адамзаттың орнықты келешегін қамтамасыз ету үшін әлем елдері қазіргі сын-қатерлерге қарсы ортақ үн қатуы қажет. Жер аумағы көлемді және теңізге шығатын жолы жоқ ел ретінде Қазақстан судың қадірін анық сезінеді. Су таусылмайтын ресурс емес. Мұны өз басымыздан өткерген жағдайдан білеміз. Судың да сұрауы бар. Оны үнемдеп пайдалану керек. Сонда ғана адамзат өркендеу жолына түседі.
Президент су қауіпсіздігін нығайту бағытында күш біріктіруге шақырды
Ортақ мәселеге қарсы күллі әлем күш біріктіру керек. Президент су қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған шараларды бірлесіп қабылдауға шақырды. Бірінші кезекте, ауызсу мәселесін шешуге және су инфрақұрылымына назар салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Барша адамзат әсіресе шалғайда тіршілік етіп жатқан тұрғындар мен халықтардың осал тобы санитарлық талаптарға сай келетін таза ауызсуға қол жеткізуге тиіс. Бұл олардың құқы. Климат пен су инфрақұрылымына арналған мақсатты инвестициялар су көзімен қамтамасыз етіп, орнықты өсімге септігін тигізеді. Осы арқылы тұтас өңірлер өркендейді.
Қ. Тоқаев: су қоймаларының әлеуетін арттырып, салаға инновация енгізу керек
Қазір технология дамып, өнеркәсіп өркендеген заман. Бірақ адамзат табиғатты қорғауды бір сәт естен шығарды. Салдарынан өнеркәсіп, химия, ауыл шаруашылығы тіршілік көзін қатты ластауда. Президент бұл мәселені шешудің маңызына тоқталды. Су қоймаларының әлеуетін арттырып, салаға инновация енгізу керегін айтты. Оған қоса қазақ басшысы мұздықтарды қорғап, зерттеуге арналған жаһандық орталықтарды біріктіретін серіктестік құруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мұздықтар су алмасу циклінде айрықша рөл атқарады. Олар дүние жүзіндегі 2 миллиардқа жуық адамды сумен қамтамасыз ететін өзен-көлдерді қоректендіреді. Сондықтан мұздықтардың еруіне жол бермей, тіршілік нәріне мұқтаж өңірлердегі су ресурстарын басқару стратегиясын қолдау үшін бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірыңғай су саясатын әзірлеген жөн.
Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы екені баршаға аян. Осы бағыттағы жұмыс жалғаса бермек. Біздің тарап аймақтық ынтымақтастық пен бірлескен іс-қимылдың ілгерілеуіне қолдау көрсетеді. Мұны БҰҰ жоғары бағалап отыр.
Стивен О’малли, БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісінің міндетін атқарушы:
- Су тапшылығы үлкен апаттарға әкеп соғуы мүмкін. Егістіктегі ысырапшылдықтың кесірінен тіршілік көзінің көп бөлігін жоғалттық. Сондықтан Орталық Азия елдерінің қуаңшылықпен күресу, Аралды қолдау қоры сияқты маңызды бастамаларын жоғары бағалаймыз. Әрине, Балқаш пен Каспий теңізіндегі судың азаюына да алаңдап отырмыз.
Айтпақшы саммит аясында Қазақстан таза ауызсуға жаппай қол жеткізуді көздейтін Freshwater Challenge жаһандық бастамасына қосылды. Осы мақсатта ауқымды жұмыстар атқарылады деп күтілуде. Ал Франция Балқаш көлін сақтауға көмектесетін болды.
Күлпәш Жәкен, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі су саясаты департаментінің басқарма басшысы:
-2030 жылға дейін 300 мың шақырып өзен мен 350 млн гектар жердегі сулы батпақты жерлерді қалпына келтіру көзделіп отыр. Еліміз осы мақсаттарға жетуге өз үлесін қосуға дайын. Еліміз үшін басты бағыттың бірі Арал теңізі мен Балкөш көлін қалпына келтіру жұмыстары. Саммит аясында балқаш көлін сақтау үшін Франциямен бірлесіп, 2 келісімге қол қойылады.
Жыл сайын су тасқыны мен қуаңшылықтан әлемде 1,5 миллиардтан астам адам зардап шегеді. Әсіресе шағын аралдар мен жағалауда тұратын халықтың әлсіз топтарына тиер қатер көп. Президент азаматтарды қорғау және қауіп-қатерді азайту мақсатында ерте сақтандыру жүйесін жетілдіру өте өзекті деп санайды. Тағы бір мәселе – азық-түлік және энергетикаға төнген қауіп.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Суда шекара болмайды. Ол қоғамдастықтар мен экожүйелерді байланыстырады. Біздің ойымызша, климаттың өзгеруімен күрестің алдыңғы шебінде жүрген мемлекеттердің диалогты жандандырып, халықаралық ықпалдастықты дамытуы және суға қатысты жобаларды жүзеге асыру үшін ресурстарын жұмылдыруы өте өзекті.
Президент Қазақстанның One Water Vision коалициясына ерекше ықыласпен қосылғанын атап өтті. Бұл бірлестік су дағдарысын шешуге мүдделі тараптарды біріктіреді әрі су ресурстарын басқару ісінде жаңашылдықты жақтайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Су қауіпсіздігі – жай ғана техникалық немесе экологиялық мәселе емес, бұл моральдық императив. Су қауіпсіздігі проблемасын шешу One Water қағидаты аясындағы көп жақты диалогты дамытуды талап етеді. Қазақстан су ресурстарын жаһандық ауқымда басқару ісін нығайтуды көздейтін осы ұжымдық әрекетке өз үлесін қосуға дайын.
Аталмыш жиын 2026 жылы өтетін Су жөніндегі конференцияға дайындық. Еліміз келесі жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Өңірлік климат конференциясын өткізеді. Демек, сергелдеңге салған су мәселесі келесі жылы қазақ жерінде талқыланады. Бұл егістік жағалап, өзендерді сағалап қоныс тепкен қарашаның қамы.
Бекзат Аманов