Мемлекет басшысы «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитінде cөз сөйледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінде өтіп жатқан «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитінде бірінші болып сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде әлем климаттың өзгеруі, қуаңшылық, биоалуантүрліліктің жойылуы, су тапшылығы және азық-түлік қауіпсіздігі секілді аса өзекті проблемалармен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Президент Қазақстанның аталған түйткілдерді үш басты бағытқа, атап айтқанда, цифрландыру мен жасанды интеллект, ірі инфрақұрылымдық жобалар және ядролық энергетика салаларына негізделген стратегия арқылы шешуге ниетті екенін жеткізді. «Еліміздегі алғашқы атом электр станциясының құрылысы отандық энергетика саласын орнықты дамыту бағытындағы елеулі қадам болмақ. Бұл бастама жалпыұлттық референдумда қолдау тапқан. Сонымен қатар Қазақстан әлемдік нарыққа аса маңызды шикізат түрлерін жеткізуге ұмтылып отыр. Ауаға тарайтын көміртегі мөлшерін азайту жөніндегі жаһандық мақсатты орындау үшін бұл материалдар өте қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.