Алматыда тәжірибелі ғалымдар мен инженерлер меморандумға қол қойды
Қазақстанның ұлттық инженерлік академиясы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арнайы меморандумды бекітті, деп хабарлайды 24kz.
Енді академияның тәжірибелі ғалымдары, оқу орнындағы өнер-табыстарды өндіріске енгізуге үлес қосады. Мамандардың пікірінше, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудың маңызы зор. Бірлесе жасалған нәтижелі зерттеулерді шаруашылық салаларында қолдануға болады.
Инженерлік академиядағы 200-ден аса техника ғылымдарының докторы мен университет ғалымдары заманауи зертханаларды тиімді игермек. Келісім аясында бірлескен жобалар жасалып, оқу орнындағы жас ғалымдардың тың идеялары қолдау табады. Бұл өнертабыстарды өндіріске енгізуді жеңілдетеді. Академияның бұл салада тәжірибесі жеткілікті.
Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті:
- Осы жердегі ғылыми-зерттеу жұмыстарды өндіріске жеткізуге көмектесу үшін біздің академия бүгін меморандумға қол қойып отырмыз. Дегенмен осы меморандумға қол қойып қана қоймай, біз нақты ғалымдармен тығыз байланыста жұмыс істеп, осы жерде істеліп жатқан жақсы жұмыстарды әлемге жеткізуге біз де көмектесуге дайынбыз.
Соңғы жылдары университет зертханаларын жабдықтауға жақсы көңіл бөлініп отыр. Мысалы, жақында орнатылған Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютердің жұмыс өнімділігі 2000 терафлопсқа тең. Әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің бірі жасанды интеллект, мұнай-газ, энергетика, ауыл шаруашылығы, жерді қашықтықтан зондтау, 3D модельдеу салалары бойынша деректермен жұмыс істей алады.
Аида Қыстаубаева, әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ Ғылым және инновация департаментінің директоры:
- Химиялық класстерде біз жасанды каучук, жасанды кристалл, яғни, бағасы 10 мың доллар тұратын жасанды кристаллды өзіміз жасап жатырмыз. Мұндай лабораториялар кез келген жерде жоқ. Дүниежүзінде 5 лаборатория бар жасанды кристалл жасайтын. Оның деңгейі алмаздың деңгейіне дейін жетеді.
Одан бөлек, телефонға арналған батареялар да осында құрастырылады. Тіпті биолог ғалымдар қан диабетімен ауыратындарға арналған шоколад пен нан жасап шыққан. Қазір кеңінен танылып келе жатқан жасанды интеллектің QazLLM атты отандық жүйесі де осында бапталып жатыр. Осындай өнертабыстар Ұлттық инженерлік академияның қызығушылығын тудырған. Меморандумға сәйкес академия университет студенттерінің, магистрлері мен докторанттарының тәжірибе алмасуына жағдай жасайды.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев