Бүлдіршіндердің мемлекеттік тілге қызығушылығын арттыратын кітаптар жарық көрді

Түркістан облысында балаларға білім беретін танымдық жоба іске қосылды.

Жоба аясында бүлдіршіндердің мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыратын жаңа кітаптар жарық көрді. Оған автордан бөлек әдебиетшілер мен аниматорлар, мұғалімдер мен кітапханашылар атсалысқан. Балалар танымдық шығармаларды оқытып ғана қоймайды, оқиға желісіне қатысты салынған ғажайып суреттерді бірге тамашалайды. Қазір осы еңбекке енген шығармалар желісімен анимациялық фильмдер түсіріліп жатыр. Мультфильм кейіпкерлері үш тілде сөйлейді. Барлығын қарапайым тілмен жеткізіп, өзге тілді үйренудің қызық әрі көңілді екенін түсіндіреді. Жаңа туындының суретін белгілі суретші Әбілхан Қастеевтің немересі салған. Қазір елімізде бұл кітаптардың баламасы жоқ. Жалпы шығарма адамзаттық құндылықтар мен халықтар достығын, патриотизм мен мемлекеттік тілге деген құрметті дәріптейді. Жоба авторы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, белгілі баспагер Людмила Кирилинская.

Людмила Кирилинская, баспагер, ҚХА мүшесі:

- Биылдан бастап біз «сен өз Қазақстаныңды білесің бе?» деген ойын түріндегі бәйге ұйымдастырамыз. Оған еліміздің барлық мектептері қатысады. Әсіресе ауыл балаларын тартамыз. Барлығы 5 мыңдай оқушыны қамтимыз деп жоспарлап отырмыз. Олар алдымен өз аудандарында ойнайды, жеңімпаздар облысқа, одан үздік шыққан 5 команда 12 желтоқсанда республикалық шешуші сайыста кездеседі. Жеңімпаздарға сыйлықтар мен сертификаттар беріледі.