БҒМ: білім байқауынан миллион теңге ұтып алған маңғыстаулық оқушыға сыйақысы қайтарылуы тиіс

БҒМ: білім байқауынан миллион теңге ұтып алған маңғыстаулық оқушыға сыйақысы қайтарылуы тиіс
Tengrinews.kz

Маңғыстауда 4 сынып оқушысы білім байқауынан ұтып алған миллион теңгеге мектепке интерактивті тақта алған. Осыған орай ҚР Білім және ғылым минитрлігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Хабар 24.

Министрлік өкілдері мектеп басшылығына балаға ақшаны қайтаруды ұсынды. Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова бұл жағдайға қатысты пікірін Facebook-парақшасында жариялады.

«Маңғыстаудағы мектептің төртінші сынып оқушысы математика сабағында қолдануға арналған құрал жасап, өзінің білімі мен күш-жігерінің арқасында республикалық конкурста 1 миллион теңге ұтып алғаны қуантады. Дарынды балалардың әлеуетін көтермелеу, оларды қолдау өте маңызды. Оқушы жеңіп алған сыйақысын өзінің мектебіне интерактив тақтаны сатып алуға жұмсауға ниет білдіргені оның мейірімді жүрегі мен басқа да жағымды қасиеттерін көрсетеді. Бұл ретте интерактив тақтаны республикалық конкурста жеңіске жеткен оқушы емес, жергілікті атқарушы орган сатып алуы тиіс. Әрине балалардың өз мектебін қолдауға және дамытуға деген ұмтылысын қолдау керек. Дегенмен бұл ондай жағдай емес», - деп жазды ол.

Сондай-ақ ол өз жазбасында мектептерді заңнамалық тұрғыдан қаржыландыру әкімдіктердің құзырында екенін де атап өтті.

Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға бюджеттен қаржы бөліп отыр.

Айта кетейік, бұдан бұрын маңғыстаулық оқушы республикалық әлеуметтік жобалар байқауында ақшалай жүлде алған. Бұл қаражатқа мектепке заманауи құрал-жабдықтар – интерактив тақта сатып алған.