Қазақстан ғалымдары сарысудан сусын өндіріп жатыр

Сүт қалдығы да кәдеге жарайды. Қазақстан ғалымдары сарысудан сусын шығарып жатыр. Технология сүт өнімдерін қалдықсыз өңдеуге септігін тигізеді. Қазір биологиялық өнім сауда орындарына сатылымға шықты.

Елімізде дәл қазіргі уақытта тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған 200-ге тарта сүт зауыты бар. Сүт өңделген соң ол жерден күніне жүздеген тонна сарысу сыртқа төгіледі. Егер өндіруші оны заңсыз төксе айыппұл төлейді. Себебі сарысу қоршаған ортаға зиян келтіреді. Дәл осы мәселемен Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдары 6 жылға жуық айналысты. Нәтижесінде сарысудан адам ағзасына өте пайдалы сусын жасап шығарды.

Амангелді Саданов, биология ғылымдарының докторы, профессор, академик:

- Негізгі оның основасы сүт қой. Сүттің қалдығы. Бәрінің маңызын алып тастайды. Бірақ ішінде патогенный микроорганизмдер пайда болады. Мына условно патогенный, шартты патогенный организмді өлтіретін микробтарды таптық. Оны өлтірдік. Енді сол қалған нәрсесінің ішінде адамға, организмге пайдалы микроорганизмді қостық. Сөйттік те брожение жасап, оны ашытып, нағыз адамға сусын жасап шығардық.

Ал өңделмеген сарысудың өзін ішуге болмайды. Ол зиян. Сондықтан ғалымдар сусынды жасауда өте мұқият болған. Өндіріске дейін 11 кезеңнен тұратын тексерістен өткен. Қазір сусын қала іргесіндегі сүт зауыттарының бірінде шығарылып жатыр.

Амангелді Саданов, биология ғылымдарының докторы, профессор, академик:

- Оның технологиясы біздікі. Беретін закваска дейді ашытқысы біздікі. Тек олардан трубамен ағып келеді де үлкен емкостьқа салады 2, 3, 5 тонна. Сонымен біз брожениесін жүргіземіз. Микробиологиялық процестердің бәрін жүргізіп, сонан кейін разлив жасап қалаға сатып жатыр.

Сусынның құрамында ешқандай химиялық қоспа жоқ. Сондықтан таза биологиялық өнім деп айтылады. Тұрақты түрде ішіп тұрған жағдайда асқазан, ішек жолдары ауруларының алдын алады. Қазір ғалымдар сарысудан жасалған сусынның тағы 4 түрін шығаруды қолға алып жатыр. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Добанов