Қазақстандық ғалымдар жүзім езбесінен биологиялық белсенді қоспа ойлап тапты

Эликсир метаболикалық синдром, остеопороз, жүрек-қан тамырлары патологиясы, бауыр дерті, қант диабеті және тұмау мен  вирустардан сақтануға көмектеседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар биологиялық қоспаға қажетті жүзімді Түркістан облысынан Жезқазғандағы зауытқа жібереді. Содан кейін полифенолды алу үшін жүзім сығындысын өңдейді.

Шыңғыс Серғазы, биологиялық белсенді қоспаны әзірлеуші:

-Бұл жүзім полифенол концентраты негізіндегі биологиялық белсенді қоспа. Полифенолдар жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуы мен асқынуын болдырмайды.  Одан бөлек, химиотерапия препараттарының уытты әсерін азайтады. Өйткені, құрамында полифенолдардың көп болуына байланысты эликсир геропротекторлық, қартаюға қарсы белсенділікке ие. Жалпы зауытта жылына 20 мың тауар өндіріледі.

Жалпы ғалымдар 10 жыл бойы қоспаны зерттеп, сынақтан өткізген. Енді қоспа патенттеліп, өндіріске шыққан. Қазір эликсир еліміздегі ірі қалалардағы дәріханаларада сатылып жатыр.

Шолпан Сапарова, «Ғылым қоры» АҚ жоба менеджері:

-2018 жылы жүзім полифенол тағамдық қоспаны Ғылым қоры қолдады. Гранттың құны 286 млн теңге. Биыл бұл жоба нарыққа шықты. Сатылым 6 млн теңге.

Ғалымдардың айтуынша, жүзімнен жасалған өнімді кез келген жастағы адам пайдалана алады. Тек жүзімге аллергиясы бар, аяғы ауыр және бала емізетін әйелдерге ғана шектеу қойылған.

Александр Гуляев, өмір туралы ғылым орталығының жетекші ғылыми қызметкері:

- Бастапқыда жүзімнің түрлі сорттарын сынадық. Бізге қажет полифенолдардың мөлшері бар екі сорт менотандық селекцияны таңдадық. Полифенолдардың пайдасы зор. Біз енді биологиялық қоспаны дәрілік затқа айналдыруды көздеп отырмыз. Қазір осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Әсіресе клиникалық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бұл өте маңызды.

Бүгінде отандық биологиялық белсенді препаратқа шетелдік ғалымдарда қызығушылық танытып жатыр.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Жандос Битабаров