Жетісай қаласындағы бір мектептің 63 түлегі түгел грантқа түскен –Түркістан облысы

Түркістан облысының Жетісай қаласында мектептің бес бірдей сыныбының түлектері түгел грантқа түсті. Сөйтіп Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп- гимназия үшін оқу жылы сәтті аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дана Әлайдар – Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп гимназиясының биылғы түлегі. Талапты шәкірт тынбай тер төгіп, үздіксіз ізденудің арқасында ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинады. Сөйтіп өзі қалаған мамандық бойынша мемлекеттік грантпен оқуға түсті.  

Дана Әлайдар, мектеп түлегі:

ҰБТ білетін адамға оңай, білмейтінге қиын. Бірақ сұрақтары әркезде әртүрлі, қайталанып жатқан сұрақтар болған жоқ. Жалпы жаңа бағдарлама енгізілді. Сол себепті біз екі жақтан да оқып, талпынып, ізденіп, апайлардан сұрап, алып шықтық. Өзімнің қалаған мамандығым – математика-педагогика саласына түстім.

Әрбір ата-ана өз баласынан үлкен үміт күтеді. Аялап өсірген перзентің мектепті үздік бітіріп, грантқа оқуға түсіп жатса, ата-ана үшін одан асқан қуаныш жоқ. Дананың анасы осындай бақытты сезінгеніне шүкір дейді. 

Елмира Алтаева, қала тұрғыны.

Бірінші Алла, екінші осы мектеп ұстаздары мен ағайдың арқасында биыл қызым – Әлайдар Дана 128 балл жинап, қазіргі таңда С.Демирель атындағы университетке түсіп отыр. Баланың грантқа оқуға түсуі ол – ата-ана үшін, оның қалтасы үшін өте көп көмек деп ойлаймын. Алғысым шексіз.

 «Жақсы ұстаз – жан азығы» демекші, баланың білімге құмартып, белгілі бір жетістікке жетуі – ұстаздың еткен еңбегі мен төккен терінің жемісі. Бұл білім ұясында әр балаға ерекше назар аударылады. Қойылатын талап та жоғары. Оған ата-аналардың өздері де мүдделі. Сондықтан мұнда мұғалім де, шәкірт те білімнен басқаға бас ауыртпайды.   

Шынар Түймебаева, сынып жетекшісі:

Мұғалімдер оқушыларға өз білімдерін жетік меңгерте алды деп ойлаймын. Таңертең 7:45 мектеп келеміз. Сұхбат өтеміз, одан кейін сағат 8-де сабақ басталады. Түс мезгілінде және кешкі 22:00-23:00-ге дейін сабақта болдық. Оның барлығы ата-аналардың ұымдастыруымен өтті. Бірнеше тапсырмалар берсе, соны біз текст жүйесінде жалғастырамыз. Нәтижеміз содан да көтеріліп жатады.

Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп алғаш 1986 жылы ашылған. Түрлі тәжирбиелер жүргізілііп, 2009 жылы гимназия атауы берілген. Ұлттық бірыңғай тестілеу басталған 2003-2004 жылдан бері бұл мектепті бітірген балалардың 444-і алтын белгі, 224-і үздік аттестат алған. Түлектердің 95%-ті мемлекеттік грантқа түскен.

Өмірхан Қозыбақ, Б.Момышұлы атындағы мектеп гимназияның директоры:

Ұжымда ауызбіршілік бар. 1 сыныптан бастап балаларды оқуға дайындаймыз. Соның нәтижесі былтыр мысалы, 58 бала бітірді. 40 алтын белгі қалғаны үздік аттестат. Соның 57-сі мемлекеттік грантқа түсті. Биылғы бітіргендердің 30-ы алтын белгі, 21-і үздік аттестат, қалғаны жәй аттестат барлығы мемгарнт арқылы оқуға түсті.

Расында бір мектепті бітірген түлектердің түгелдей мемлекеттік грнатпен оқуға түсуі сирек кездесетін жағдай. Бұған дейін еліміздің білім тарихында осындай оқиға болды ма, жоқ па ол жағы бізге белгісіз. Алайда мектеп басшылығы бұның сыры жүйелі білім мен ұжымдағы ауызбіршілікте екенін айтады. Ал біз бұл құпияның кілті – жасы 75-тен асса да осы мектепті 34 жылдан бері абыроймен басқарып келе жатқан Өмірхан Қозыбақ қарияның бойында екенін сездік. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов