Маңғыстау облысында үш ауысымды мектеп мәселесі өзекті

Маңғыстау облысында өңірде демографиялық өсім бар. Сырттан көшіп келушілер қатары көбейген. Жаңа  оқу жылында Бейнеу ауданында 350-дей оқушыға орын тапшы. Билік бұл проблеманы шешу үшін 2 мектеп жанынан әрқайсы 312 орындық қосымша ғимарат салып жатыр. Екі жобаның құрылысы 1 қыркүйекке дейін аяқталуға тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атамекен мектебі 670 балаға есептелген. Алайда былтыр 1400-дей оқушы қабылдады. Проблеманы шешу үшін биыл көктемде қосымша құрылыс салу қолға алынды. Қазір 90%-і бітіп тұр. Таяуда оқу кабинеттеріне тақта, парталар қойылады. Ғимарат алдында баскетбол, волейбол, футбол алаңы мен жүгіру жолы салынып жатыр. Жоба аясында 20-ға жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған.

Арман Аралбаев, учаске бастығы:

Барлығы осы Бейнеу ауданының азаматтары. Жұмыспен қамту орталығынан келіп, келісіммен істеп жатқан жігіттер. Ішкі жұмыстары бітіп тұр. Қалып тұрғаны осы сыртқы жұмыстары. Бұйырса, 1 қыркүйекке тапсыруды мақсат етіп отырмыз.

Ал «Күйкен» мектебі бастапқыда 990 бала оқытса, көп ұзамай үш ауысымға ауысты. Өткен жылы 1700 оқушы білім алды. Өзекті мәселе қосымша ғимарат ашылуымен шешілуі тиіс. Оған бастауыш сыныптарда білім алатын 624 бала барады. Жаңа мектеп озық үлгідегі гимнастика залымен қамтылған.

Молдахан Малбасов, «Күйкен» жалпы білім беру мектебінің директоры:

600-дей балаға орын тапшылығы болды. Соны қазір біз шешіп отырмыз. Ескі ғимаратта 990 баланың орнына 1600 баланы оқытып келдім. Қосымша құрылыстың негізінде енді толық екі ауысымда дәріс алатын боламыз.

Шоқан Жаулиев, «Бейнеу ауданы бойынша білім бөлімі» ММ басшысы:

Үш ауысымдылық проблемасы аудан бойынша бар. Қазіргі таңда бізде әлі де 300-дей балаға оқушы тапшылығы болады. Ол динамика сақталып тұр. Мына Бейнеу мектебінің арғы жағында Әбілқайыр деген көше бар. Сол жерге 2024-2025 жылдарға дейін 620 орындық мектептің құрылысы басталуы керек. Жобалық сметалық құжаттарын жасақтауға қаржы бөлініп жатыр.

Бейнеу ауданы халқының саны 72 мыңға жуық. 55 мыңы аудан орталығы Бейнеу ауылында тұрады. «Бала туу көрсеткіші жоғары, сондықтан мектеп мәселесінің 1-2 жылда шешілуі қиын. Елді мекенде 11 мектеп бар, соның 3-уі әзріге үш ауысыммен оқыта береді », дейді жауаптылар.

 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев