Маңғыстау облысында үш жылда 40-тан аса инвестжоба жүзеге асты

Мұнай өндірісі үшін қосалқы бөлшектерді әзірлейтін зауыт биыл Ақтауда ашылды. Құны 703 млн теңгелік жобаны трансұлттық «PCM Europe» компаниясы жүзеге асырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі қарқыны жылына 800 бұрандалы сорғы мен 200 жетек шығаруға мүмкіндік береді.

Павел Селезнев, «PCM Kazakhstan» ЖШС Өндіріс бойынша директоры:

- Былтыр 3 кезеңді бағдарлама мақұлданды. Оны жүзеге асыруға 5 млн еуро жұмсалады.

Бұл цех бұрғылау жабдықтарын өндіреді әрі сервистік қызмет көрсетеді. 50 адам еңбек ететін мекемеге 1,1 млрд теңге инвестиция құйылған.

Нұрәділ Иманғалиев, облыстық Индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- 2020 жылдан бастап біздің өңірімізге 1,6 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған болатын. Осы жылдың 11 айын алсақ, бізге 634 млрд теңге инвестиция тартылған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11%-ға өскен болатын.

Осы жылы Ақтауда жылына 24 мың тонна болат құбыр шығаратын өндірістік цех қолданысқа қосылды. Маңғыстау индустриялық парк аумағында жүзеге асқан жоба құны 817 млн теңге. Сондай-ақ биыл «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында талшықты бұйымдар, желім және герметик жасайтын зауыт пайдалануға берілді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев