Жамбыл облысында 1-4 сыныптар онлайн оқиды

Жамбыл облысында қатты жел мен қардың қалың түсуіне байланысты бастауыш сынып оқушылары қашықтан білім алуға көшті. Бұл туралы облыстық білім басқармасы хабарлады. Синоптиктер аймақта сынап бағанасы -23 градусқа дейін төмендейді деп отыр. Таразда 2 күннен бері жауған қардың қалыңдығы 25-30 см-ге дейін жеткен. Қала көшелерінде көлік қатынасы қиындаған. Әкімдіктің мәліметінше, қар тазалау жұмыстарына 47 техника мен 160 қызметкер жұмылдырылған. Дегенмен тоқтаусыз жауған ақ ұлпа шаһар жолдарын қайта жауып жатыр. Қала билігі көшелерге төсеуге арналған 295 тонна тұз бар екенін мәлімдеді. Сондай-ақ қосымша 7 мың тонна құм мен 1000 тонна тұз жеткізіледі.