ҮЕҰ-ға арналған мемлекеттік гранттар конкурсына өтінім қабылдау жалғасып жатыр
Үкіметтік емес ұйымдар үшін мемлекеттік гранттар берудің 6 бағыты бойынша конкурсқа өтінімдерді қабылдау жалғасуда.12 қаңтарда бастау алған байқауға Республикалық бюджеттен биыл 1 млрд 292 мың теңге бөлінді. Бұл туралы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» басқарма төрағасы Ғалым Құрман мәлімдеді.
Оның айтуынша, 6 сала бойынша 47 мемлекеттік грант, оның ішінде 22 қысқа мерзімді, 16 орта және 9 ұзақ мерзімді жобалар іске асырылатын болады. Конкурс азаматтық қоғам институттарының әлеуетін дамытудың өзекті мәселелерін шешу мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Айта кету керек, қысқа және орта мерзімді гранттарға өтінім қабылдау 1 ақпанға дейін, ал ұзақ мерзімді гранттарға өтінім қабылдау 15 ақпанға дейін жалғасады.
Ғалым Құрман, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы:
- Қысқа мерзімді гранттар бойынша қаржыландыру көлемі айлық есептік көрсеткіштің кемінде 500 еселенген және 3000 еселенген мөлшерінен аспайды. Орта мерзімді гранттар бойынша қаржыландыру көлемі АЕК-тің кемінде 3000 еселенген және 10000 еселенген мөлшерінен аспайды. Ұзақ мерзімді гранттар бойынша қаржыландыру айлық есептік көрсеткіштің 10000 еселенген мөлшерден кем емес.