Қызылорда облысында «Жайлы мектеп» бағдарламасы арқылы оқу ордалары жаңаланатын болды

Қызылорда облысында апатты деп танылған үш білім беру нысаны «Жайлы мектеп» бағдарламасы арқылы жаңаланатын болды. 3 ауысымдық мектептердің мәселесі де осы ұлттық жоба аясында шешімін таппақ.

Жалпы Сыр өңірінде алдағы 3 жылда 15 мыңнан астам оқушыны қамтитын 21 заманауи орта мектеп салынады деп жоспарланып отыр. 10 оқу-ағарту мекемесі ғимаратының құрылысы биыл басталады. Жаңа жылда сырбойылық оқушыларды қуантқан тағы бір жайт ол – алғаш рет бастауыш сынып өрендерінің түгел ыстық тамақпен тегін қамтылуы. Бұл ретте ата-аналардың да алғысы шексіз. 

Осы кезге дейін ыстық тамақ 1-4 сыныптағы тек әлеуметтік жағдайына қарай 15 мыңдай балаға берілсе, енді 70 мыңнан астам оқушы мектептен ас-ауқат жеп жүр. Бұл мақсатта жергілікті қазынадан 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бір мезгіл тамақтану бүгінде 557 теңгені құрайды екен. Аталған игі істі жүйелі әрі қауіпсіз ұйымдастыру үшін ас мәзірі «Қазақ тағамтану академиясының рационы бойынша біріңғай стандарттар» әдістемелік ұсынымдарына сәйкес жасалыпты.

Салтанат Қожабек, оқушы:

- Бұрын біз тамақтарды ақшаға сатып алатын едік. Ал қазір бізге бұның бәрін тегін береді. Сондықтан азпаздарға алғысым шексіз. Бізге күнде дәмді тағамдар береді. Оны ауызбен айтып жеткізе алмаймын. 3-сабақтан кейін тамақ береді. Содан соң біздің оқуға деген ынтамыз арта түседі.

E-Ashana цифрлық платформасының көмегімен оқушылар QR кодты белгілеу арқылы ыстық тамақты алады және осы ақпараттық жүйе арқылы ата-аналар асхана қызметін бақылауына болады екен. Жалпы сала басшылары: "Әлеуетті өнім берушілердің жұмысын қадағалап, санитарлық тазалық пен жалпы қауіпсіздікті басты назарда ұстаймыз", - дейді. Жалағаш ауданындағы 202-мектепте инклюзивті білім беретін ресурстық орталық ашылғандықтан келім-кетім адам көп. Сондықтан бейне-бақылау камералары мен турникет орнатылғанымен, күзетшінің қырағы болуы талап етіледі. Өйткені баланың амандығы - бірінші кезектегі мәселе.

­Талғат Садықов, Жалағаш аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ауылдық мектептерді де ішкі істер бөлімінің интеграцияланған арнайы бейне-бақылау камераларына қосу жұмыстарын толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл бағытта 36 млн тг қосымша қаржы бөлініп отыр. Тиісті заңға сәйкес жұмыстар жүргізіледі. 700 адамнан асатын мектептерде турникет қойылды. Қазір 2023 жылға дабыл түймелеріне байланысты тиісті қаражатты мемлекеттік сатып алу басқармасына ұсыныспен шықтық. 

Ал Қармақшы ауданындағы 29 мектептің барлығына полицияға хабар беретін дабыл түймесі орнатылыпты. Соның бірі Жосалы кентіндегі 250-мектеп. Алдағы уақытта білім беру нысанын қазіргідей қарауыл емес, мамандандырылған күзет мекемесі қорғайды. Жасыл экологиялық жоба аясында көптеген шара ұйымдастыратын мектепте оқушылардан бөлек аудан жастары көп жиналады.     

Гүлзира Абдазиева, Қармақшы аудандық Білім бөлімінің басшысы:

- Балалардың қалай мектепке кіріп-шығатындығы, бос уақытында да келіп жатады. Осылардың барлығы қатаң бақылауда тұрады. Тағы да басты назардағы ауқымды мәселе болып табылатын қазір түгел білім мекемелерінде әжетханалар ішке ендіріліп, балалар қауіпсіздігі бақылауда. 

Өткен жылы облыс бюджетінің жартысы оқу-ағарту саласына бөлінген болатын. Ал биыл өрендерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруді ұтымды ұйымдастыруға қазынадан 260 млрд. теңге бағытталып отыр. Бұл ретте әсіресе ауыл мектептерінің пәндік озық технологиямен жабдықталуына аса мән берілмек.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев