Қостанайлық оқушылар қазақтілді дыбыстық көмекші ойлап тапты
Құрал кез келген сұраққа дәлме-дәл жауап беріп, шешу жолдарын таба алады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жобаның авторлық құқық иесі атанған өнертапқыштар өз туындыларының тұрмыстағы қолданысын кеңейтуді көздеп отыр.
Бұл – Ева деп аталатын дыбыстық көмекші құрал. Оны әзірлеуге жас өнертапқыштар 3 айдай уақыт жұмсаған. Құрал қазақ тіліндегі сұрақтарды танып, жауабын біледі.
София Синицына, қалалық NIS 12-сынып оқушысы:
- Ол адамның тұрмысын жеңілдетеді. Мысалы, есептердің шешу жолдарын іздейді. Тағы да бөлімнің температуралық көрсеткішін бақылайды.
Құралға керекті ақпаратты табу үшін интернет қажет. Ал қашықтан басқару үшін электр қуатының болуы жеткілікті. Жақын арада оның тапсырмаларды танып білуі айтарлықтай кеңейеді, - дейді жас өнертапқыштар.
София Синицына, қалалық NIS 12-сынып оқушысы:
- Біздің жоспарымыз – нарыққа шығу, Қазақстанның ІТ саласын жақсарту. Себебі, біз білеміз, Үкіметтік жоба бойынша бізде цифрландыру. Сол себепті бұл жобалар бұл мақсатқа жетуге көмектеседі.
Құралдың пішіні дыбыс күшейткішке ұқсас. Оның моделі 48 сағат бойы 3Д принтер арқылы сыныпта жасалды.
Александр Шерцер, информатика пәнінің мұғалімі:
- Кабинетіміз 30-ға жуық робототехника құралымен, сондай-ақ түрлі құрылғылармен жабдықталған. Біз қарапайым операциялық жүйелерді пайдалана отырып, күнделікті тұрмыста қажет болатын жобаларды әзірлеуге баса мән береміз. Оның ішінде 3Д модельдеу, зияткерлік ойындар ойлап шығару бар.
Ал Ерболат Сембаев информатика пәнін ағылшынша меңгеруге сеп беретін жүйе ойлап тапты. Оның жобасы ойын арқылы 3D кеңістігінде өрбиді. Интерактивті форматтағы тапсырмалар әркімнің қызығушылығын оятады.
Ерболат Сембаев, қалалық NIS 11-сынып оқушысы:
- Информатикадағы әртүрлі тақырыптар бойынша дағдыларыңызды шыңдау арқылы тәжірибе жасай аласыз. Сізге Вектор атты ойын ішіндегі дауысты робот көмектеседі. Одан басқа тапсырмаларды орындау барысында оқушылар бір-бірімен жарыса алуға мүмкін.
Осы күнге дейін қостанайлық оқушылар ІТ бағытындағы халықаралық жарыстарда 5 мәрте, ал республикалық сайыстарда 10 рет жеңімпаз атанды.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров.