БҚО-дағы ауыл мектебі толықтай жаңартылды
БҚО-дағы алғашқы тірек мектептің материалдық-техникалық базасы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен толықтай жаңартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
80 жылдық тарихы бар білім ордасының 27 пән кабинеті мен шеберханалары барлық керек-жарағымен қамтылып отыр. Қор серіктестерінің бірі бұл жобаға қаржылай қолдау танытқан. «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы Білім беруді тұрақты дамыту қорымен бірлесе жүзеге асырылады.
Ақсайдағы №5 орта мектеп оқушыларының қуанышында шек жоқ. Өйткені барлық кабинеттер су жаңа құрал-жабдықтармен қамтылған. STEM-зертхана, АРТ-студия мен мектеп телестудиясы олардың білімін шыңдап, шеберлігін ұштай түсері анық.
Мағзом Өрбисінов, оқушы:
- Жаңа-жаңа заттар келіп жатыр, міне. Бұрында осындай бізде болмады. Жаңа парталар, құралдар, жаңа кабинеттер, т.б. Бәрі әдеміленіп жатыр. Бізге ұнайды.
Робототехника сыныбында да шығармашылық үдеріс қыза түскен. Енді ауыл мектебіндегі сабақтар интерактивті тақталар мен өзге де пайдалы қондырғылардың көмегімен қызықты өтеді. Заманауи көрнекі құралдардың молаюы ұстаздарға да аса тиімді.
Гүлмира Сембиева, Ақсай қаласындағы №5 мектептің директоры:
- Қазіргі таңда балалар мобилограф болғысы келеді немесе блогер болғысы келеді. Немесе бірдеңені 3D принтер арқылы шығарып, оны бизнес проект ретінде жобаға енгізуге болады. Сол бойынша бізге НИШ мектебі шеберханалар өткізіп жатыр.
Жобаға аталған білім ошағының таңдалуы тектен тек емес. 80 жылдық тарихы бар мектепте қазір 800-дей оқушы білім алып жатыр. Талапқа сай жабдықталған кітапхана ендігі жерде мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар үшін қосымша білім беру ресурстық алаңына айналмақ.
Ләззат Шыңғысбаева "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры басқарма төрағасының орынбасары:
- Бізде бағдарламада осы 2022 жылы бекітілген 17 тірек мектептері болған бізде бағдарлама. Ол бағдарлама әр мектепті 250 млн теңгеге замануи құрал жабдықтармен пән кабинеттерін жабдықтауы көздеді. Бұл тірек мектебі әрі қарай кішігірім ауылдағы мектептермен қарым-қатынаста жұмыс істеу керек.
Қор өкілдерінің айтуынша, аталған жобаға өңірдегі өзге білім ошақтары да қатыса алады. Қазіргі таңда облыстық білім басқармасынан арыздарды қабылдау жұмысы жүріп жатыр.
Авторлары: Талғат Серікқлаиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов.