Павлодар облысында робот жасаудан жарыс өтті
Павлодар облысының 200-ге жуық оқушысы бірнеше күн ішінде робот жасап, ауқымды жарысқа қатысты.
Құлтемірлерді бағдарламалау, балалардың инженерлік-шығармашылық дағдыларын дамыту мақсатын көздеген турнир 82 команданың басын қосты. Оқушылардың роботтары биатлон, сумо, эстафета, кегельдерді соғу сияқты тапсырмаларды орындады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шараға 4-11 сынып оқушылары қатысып жатыр. Жеткіншектердің робототехникаға деген қызығушылығы мол. Себебі, осы тектес турнирлерге бір мезетте жүздеген бала қатысуға ниет білдірген. Жарыс жеңімпаздары республикалық мәренің келесі кезеңіне жолдама алады.
Айта кетейік, бүгінде облыс орталығындағы әр мектептің жанынан робототехника үйірмесі ашылған. Балалардың бос уақытын тиімді қамту үшін роботехника үйірмесіне арнайы сағаттар бөлінген.
Елнұр Ерғанатұлы, жарыс қатысушысы:
- Бұны біз бір күн және бір сағаттай істедік. Оны біз жеңу үшін жасадық. Ол кегльдерді көргенде, қандай түсті айтады, соны шығарады, айтпаған түсті шығармайды.
Ақмарал Мұхамеджанова, ұйымдастырушы:
– Жеті категория бойынша өтіп жатыр. Бұл біз үшін жаңалық емес, бұл категориялар бойынша біз жыл сайын осындай робототехникадан жарыстар өткізіп отырамыз. Жеңімпаздар, бірінші орын алған командалар жарыстың облыстық турниріне қатысады.