Шымкентте ЖОО-ларды дамыту жайы талқыланды

Еліміздегі жоғары оқу орындары мемлекеттік немесе жеке деп бөлінбей, бірге дамытылатын болады. Осы мақсатта арнайы жоба әзірленеді. Бұл жоспар туралы Шымкенттегі университет ректорларымен, оқытушылар құрамымен кездескен еліміздің Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабарлады.

Ведомство басшысы жоғары оқу орындарындағы білім сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен ғылымды қаржыландыру мәселелері туралы егжей-тегжейлі баяндады. Енді әлемдік Coursera онлайн-оқыту курстарына 20 мың қазақстандық студент қол жеткізе алады. Сонымен қатар гранттар санын кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Оның санын 2025 жылы 75 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.

Дария Қожамжарова, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры:

- Министрліктің 2023-2026 жылдарға арналған стратегиялық жоспарымен танысу бағытталып отыр және мемлекеттік емес жеке жоғары оқу орындарының даму стратегиясымен үйлесімділікті бірге жүргізу. Оның басында, тағы да қайталап айтқым келеді, жалпы қазақстандық ғылымды, халықаралық дәрежеге жеткізу мәселесі тұр.

Роза Әбішева, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің проректоры:

- Енді ертең балаларды жұмысқа қамту мәселесін шешу үшін, ең біріншіден, біз оқу процестерін ауыстырып отырмыз. Бұл жерде сол процестердің негізі осы өндірістерге жақындату, оқу процесі солармен бірге болуы керек. Сол үшін біз дуальды оқу формаларын қабылдап отырмыз. Біз жұмыс берушілерді осы оқу процесіне тарта отырып, ертеңгі күні сол жұмыс берушілер оларға біліктілігін беретін сондай негізгі процесстердің бірін жасап отырмыз.