Биыл Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында 2 мектеп ашылады
Маңғыстау облысында 164 мыңдай халық тұратын Мұнайлы ауданында биыл 2 мектеп қолданысқа беріледі. Бірі Басқұдық елді мекенінде салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
1200 орындық білім ұясы алдағы оқу жылында ашылса, ондағы үш ауысымды мектеп мәселесі шешіледі. Ал Атамекен ауылындағы екінші білім беру нысанына инвестициялық қаржы жұмсалуда. Соның нәтижесінде екі ауысымда 1000 баланы оқытуға мүмкіндік туады. Кәсіпкерлер мұнымен шектелмей, осы ауданға қарасты тағы 2 елді мекенде мектеп салуды жоспарлап отыр.
Басқұдық ауылындағы №9 мектеп 960 оқушыға арналған. Алайда қазір 3700-дей бала үш ауысыммен оқиды. 3 жыл бұрын ғимаратқа қосымша құрылыс нысаны жалғанған еді. Соның өзінде орын тапшы. Оқу кабинеттерінің жетіспеушілігінен дене шынықтыру, тағы басқа пәндер бойынша сабаққа бірнеше бастауыш сыныптың оқушылары бірге қатысады.
Гүлжан Асамадинова, мектеп директоры:
- Үш ауысыммен оқитын бастауыш сыныптары. Жалпы, мектепте 156 сынып бар. Соның ішінде 83 сынып – бастауыш. Бірнеше жылдың жүзінде біздер кабинеттер құрастырдық. Ол кабинеттер бірақ санитарлық-гигиеналық талаптарға сай емес. 20 балалық кабинеттер.
Осы оқу жылында 1200 орындық жаңа мектеп ашылса, 1 мыңнан аса баланы соған ауыстыру жоспарда. Жоба құрылысы 40%-ке аяқталған. Сондай-ақ екі ауысымда 1000 оқушы оқитын екінші нысанды жеке кәсіпкер тұрғызып жатыр. Сол кезде Басқұдықтағы өзекті мәселе оң шешілуі тиіс. Іргелес тұрған Атамекен ауылдық округінде де дәл сондай мектеп салынып жатыр. Бұрын тойхана болған ғимаратты жөндеу қыркүйекке дейін аяқталады.
Азат Жолбай, кәсіпкер:
- Атамекен ауылында халық санының көбеюінде, соның ішінде оқушылардың саны көбеюіне байланысты мектеп орын жетпейді. Мысалға айта кетсек, осы жерде 12-ші мектеп бар. Ол 1200 балаға арналған. Бірақ ол жерде 3500 бала оқып жатыр. Осы проблеманы шешсек деген ойдамыз. Біз осы жерде бір ауысымда 500 бала оқыта аламыз.
Батырбек Демократұлы, «Мұнайлы аудандық білім бөлімі» ММ басшысы:
- Мұнайлы ауданы бойынша 5 мектебіміз үш ауысыммен оқып отыр. Қазіргі таңда 38 мың оқушымыз бар. Бұл дайындық пен 11 сыныптардың арасында. Сонымен қатар, 1-11 сыныптардың арасында 36 мың оқушымыз бар. Бұл өте көп. Сондықтан қазір жекеменшік мектептер де бой көтеріп жатыр. Қызылтөбе ауылдық округінен ұсыныс беріп жатқандар бар. Маңғыстау-3 деп аталатын ауылдық огругтен де осындай ұсыныстар бар. Оған жерімен де барлық жағдайымен көмектесіп отырмыз.
Жалпы алғанда, Мұнайлы ауданында 3 мыңдай оқушыға орын жетпейді. Мәселені шешу үшін 3 жылда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 6 білім беру нысаны бой көтермек. Сондай-ақ Шерқала мен Қызылтөбе ауылында жекеменшік мектептің құрылысын бастау жоспарда бар. Ал Маңғыстау облысы бойынша айтсақ, 15 мектеп үш ауысыммен бала оқытады. 9 мыңға жуық орын тапшылығын жою мақсатында 2025 жылға дейін өңірде 24 мектеп салу көзделіп отыр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.