Қазақстанның бірнеше өңірінде шетелдік университеттердің филиалдары ашылады

Алдағы уақытта бірнеше өңірде озық шетелдік университеттердің филиалдары ашылады. Гранттар бөлінеді, деп хабарлайды «Хабар 24». Студенттер бірегей оқу орындарына қалай қабылданады? Талап-ережелер қандай?

Қазақ жастары білім қуып, шетелге кетсем дейтін, арманыма жетсем дейтін. Енді ол арман алыста емес. Шетке ағылмай-ақ, жат жерде сабылмай-ақ, әлемдегі озық университеттердің білімін Қазақстанда алуға болады. Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашуды тапсырған. Осы кезге дейін төртеуі жұмысын бастады. Алматы мен Атырауда Ресей және Ұлыбританияның, Петропавлда АҚШ-тың әйгілі университеті филиалын ашты. Қос диплом беріледі. Қазір теріскейде 155 студент IT және биотехнология мамандықтары бойынша оқып жүр. Студенттер алғашқы 3 жылды Қазақстанда, ал 4-ші курсты АҚШ-та аяқтауға мүмкіндік алады. 

Нұргүл Сыздықова, студент:

- Осы 2 дипломдық бағыттағы бағдарламаға түсу қиындық туғызбады. Себебі бізден ҰБТ нәтижелерімен ағылшын сертификаттарын сұраған болатын. Яғни, «IELTS», «TOEFL» немесе тағы басқа сертификаттар. Аризона университетінен келген мұғалімдер бізге сабақ беріп, вебинарлар өткізіп жүр. Мұның барлығы Қазақстандық бағдарламада болмайды.

Бану Нарбекова, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитет төрағасының міндетін атқарушы:

- Шет тілін жақсы білу керек. IELTS 5-тен 6 солай жоғары болу керек. Әрине, бірінші курста оларда «фаундейшн» болады. Оларды тіл жағынан тартып үйретеді. Бірақ одан кейінгі курстарда олар өздерінің деңгейін жорғарылатуы керек. Сабақтың бәрі ағылшын тілінде өте ме? Бізде, мысалы, егер бізде Қазақстан тарихы, қазақ тілі қазақ тілінде өтеді. Ол Назарбаев университетінде де солай. Ал профильдік пәндер ағылшын тілінде өтеді.  

Осы кезге дейін ашылған филиалдарға 600-ге жуық грант бөлінген. Яғни, жастар елде шетелдік бағдарламамен тегін оқи алады. Алдағы уақытта Корея, Түркия, Германия, Шотландия университеттері Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент пен Ақтауда бөлімшелерін ашпақ. 

Айдос Мұқатаев, жоғары білім бойынша сарапшы:

- Шетелдік филиалдарды ашудың ұтымдылығы бірінші кезекте елдегі жоғары білім сапасының артуына әкеледі. Біріншіден, бәсекелестік артады. Балаларға жоғары білімнің қолжетімділігін арттырамыз. Үшіншіден, олардың жақсы тәжірибесін аламыз. Екінші жағынан, жаңа әдістемелерге жол ашылады.

Филиалдар ортанқол болмайды. Халықаралық рейтингте озық 500-ге кіретін университет қана біздің елде бөлімшесін ашады. Сосын техникалық мамандықтарға басымдық беріледі. Газ-мұнай, баламалы энергия, агро сала, айти технология бойынша кадрлар даярланады. Сөйтіп, шетелдік дипломды қазақ жастары Қазақстанда алады.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Самат Қайырденұлы, Ерлан Наурызбаев, Ербол Дайыров.