Павлодардағы жоғары оқу орындарында шетелдік студенттер көбейді
Бұл, бірінші кезекте, отандық білім беру жүйесінің бәсекеге қабеліттілігін көрсетеді. Екіншіден, өзге ел жастары қазақ мәдениетіне қызығушылық танытып, мемлекеттік тілді меңгергісі келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Торайғыров университетінде 300-ге жуық шетелдік білім алады. Моңғолия, Ресей, Қытай, Пәкістан елдерінен бөлек, Ирак, Израиль, тіпті Африка мемлекеттерінен келетіндер көбейген. Олардың қатарында Мұса Абдулла бар. 23 жастағы нигериялық IT фаультетке түспекші.
Мұса Абдулла, студент:
- Қазақстанда сапалы білім алуға бар жағдай жасалған. Оған қоса халықаралық бағдарлама бойынша оқуға мүмкіндік туды. Сондықтан осы елді таңдадым. Павлодардағы университет туралы досымнан білдім. Білім алу үшін материалдық-техникалық жағдай да жақсы екен. Әзірге көңілімнен шығып жатыр.
Халықаралық бағдарлама шеңберінде студенттер қазақ немесе орыс тілін меңгеруі шарт. Ол үшін 1 жыл бойы тіл үйрету сабақтарына қатысады. Кейін негізгі мамандығы бойынша білім алу кезеңіне көшеді.
Мұхаммед Мұстафа, студент:
- Біздің елде айти мамандарға сұраныс жоғары. Сондықтан осы мамандықты таңдадым. Қазіргі уақытта қазақ және орыс тілдерін қатар оқып жатырмын. Кейін таңдау жасаймын. Осында қыркүйек айында келдік. Жергілікті тұрғындарға үйреніп қалдық. Адамдар қонақжай.
Ақпараттық жүйелер, ветеринария, биотехнология, электр энергетикасы, машина жасау, мұнай-химия. Шетел асып келген жастардың басым бөлігі жаратылыстану бағытындағы мамандарды таңдаған. Оқытушылар оларға білім берумен қатар, қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне бейімдеуге де тырысады.
Сәуле Ксембаева, Foundation факультетінің деканы:
- Көбі қазақ тілін таңдайды. Бізде қазақ тілін таңдаған бір бала қазақ филологиясында білім алады, Пәкістаннан. Одан кейін қазақ тілінде электр энергетикасында бір бала оқиды. Бізде барлық мамандықтар таңдаулы. Балалар кез келген мамандықты таңдай алады. Қазақ тілінде оларға сабақ алу біраз қиындау, әрине. Бірақ бізден тілдік крус өткеннен кейін кәдімгідей қазақша сөйлей бастайды.
Бүгінда бұл жоғары оқу орнында 300-ге жуық шетелдік білім алады. Олардың басым бөлігі қазірдің өзінде университеттің қоғамдық өміріне араласуға тырысып жатыр. Жергілікті климатқа да бейімделіп алған жайлары бар.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков.