Елімізде ғылым мен бизнестің өзара ықпалдастығын арттыру көзделіп отыр
Соңғы 7 жылдың ішінде елімізде ғылыми жобалардың негізінде 100-ден астам өндіріс іске қосылды. Оның ішінде 15-і экспортқа шыққан, деп хабарлайды «Хабар 24». Ғылыми өнертабыс арқылы экономиканы дамытуға ден берілген тұста не нәрсені ескеру қажет?
Шыңгыс Серғазы – болашағынан зор үміт күттіретін ғалымдардың бірі. Ол ағзаның сауығуына көмектесетін биологиялық қоспа ойлап тапқан. Ғылым қорының қолдауымен Шыңғыс осыдан бірер жыл бұрын қоспа өндірісін іске қосты. Бүгінде жүзім сығындысынан жасалатын өнім Астана мен Алматыдағы дәріханаларда саудаланады. Енді дайын жобаға қызыққан Сауд Арабиясының инвесторлары қоспаны өз елдерінде шығармақ ниетте. Өйткені онда сұраныс бар.
Шыңғыс Серғазы, ғалым:
- Бұл жобаны бастаған кезімізде қондырғыны қалай орнатсақ, оны орнататын жерді қайдан тапсақ, стандарттардың сақталуын қалай қамтысақ деген сұрақтар мазалады. Сөйтсек, бұл ауқымды жұмыстың бір кішкентай бөлігі екен. Бәрінен бұрын өнімді қалай нарыққа шығару керегін ойлау керек екен ғой. Нарықты өніммен қызықтыру қажет. Егер нарықта ешкім қызықпаса, онда өнімді өткізу қиынға соғады. Бұны маңдайымызға тиген соң білдік.
Шыңғыстың айтуынша, ғылыми жобаларды сату үшін алдымен кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардан сұраныс түсу керек. Генетик ғалым Болат Сұлтанқұлов та әріптесімен толықтай келіседі. Ол да бизнес қауымдастық, мемлекет пен ғылыми ортаның өзара интеграциясын күшейткен абзал дейді. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпкерлер нарыққа өтімді жобаны ұсынған соң ғана ғалымдар оны зерттеуге кірісуі тиіс.
Болат Сұлтанкулов, генетик ғалым:
- Ғалымдар мен нарықтың арасында байланыс жоқ. Ғалымдарымыз өздеріне қызық жобамен ғана айналысады. Коммерциаландыруды дамытуда Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан ындаландыру аздық етеді. Бұл жерде Индустрия мен инфрақұрылымдық даму министрлігі сияқты басқа да ведомстволардың кіріскені дұрыс. Осылай ғана кәсіпкерлердің қажеттілігін, жалпы мемлекетке не қажет екенін түсіне аламыз. Осындайда ғана ғалымдар қандай да бір мәселенің шешіміне атсалысар еді.
Расымен, ғылыми өнертабысты өндіріске шығарудың жөн-жосығы бар. Жалпы ішкі өнімнен түсетін табыстың біраз бөлігін ғылымға жұмсайтын елдерде ол кезең-кезеңімен іске асады. Нарықтағы сұранысқа қанық ғалымдар жобаны жан-жақты зерттейді.
Одан кейін ғылыми өнертабыс жайлы мақала жариялап, таныстырады. Құзырлы ұйымдар оған шолу жасайды. Одан кейін ғалымдар жобасын патенттейді. Бұдан соң маркетингтің көмегімен кәсіпорындарға идеяны сатады. Ізінше өнертабысқа лицензия беріледі. Өндіріске шыққан тауар араға уақыт салып, ақша құйған инвесторға табыс әкеледі. Өкінішке қарай, елімізде бұл механизм әлі іске аспай жатыр.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Ең басты осы сараптаманың нәтижесінде шығарылған мәселе – біздің ғалымдарымыздың мәдиниеті, өндірістік кәсіпкерлік мәдениеті. Көп зерттеумен айналысқан кәсіптік приницптерді толык түсінбейді. Бизнеспен жақын ұштастырып, өз жобаларын көрсете алмайды, маркентинг, сату, қаржыландыру білімдері, сауаттылықтары төмен.
Дегенмен салада атқарылған шаруаны мүлде жоққа шығаруға болмайды. Ғылым қорының қолдауымен 2017-2018 жылдары өткізілген бірқатар байқаудың нәтижесінде 152 ғылыми жоба іске асты. Оның ішінде 140 жобаның дайын өнімі саудаланып жатыр. Олардан түскен кіріс бүгінде 26 млрд теңгеден асады. 15 жоба экспортқа шықты. Сомасы 465 млн теңгеге жуықтайды.
Манат Келдібеков, «Ғылым қоры» АҚ басқарушы директоры
- Негізі бізде конкурстың шарты бойынша ол қоса қаржыландыру болып табылады. Ол, әрине, кез келген ғылыми ұйым, ғалымға оны табу оңай емес. Ол 300 млн теңге грант болса, 60 млн теңгесін құрайды. Сондықтан біз жаңағы жеке серіктестік бойынша табу, жобаға бірге келу жұмысын атқарамыз. Ол ғылым мен бизнестің интеграциясы бойынша үлкен жұмыс атқарамыз.
Соңғы кезде бизнес пен ғылымның интеграциясына баса мән беріліп келеді. Әзірге ғылыми жобасын коммерцияландыру бойынша Астана, Алматы және Қарағандының ғалымдары белсенділік танытып отыр. Ал Ақтөбе мен Атырау өңірлерінің ғалымдары көш соңында ілесіп келеді.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Арман Ақшабаев, Нұрғали Мамурбаев.