Шымкенттік ғалымдар су ресурстарын тазарту технологиясын әзірледі
Шымкенттік ғалымдар су ресурстарын тазартудың инновациялық технологиясын әзірледі. Жаңа жоба тіршілік нәрін барлық санитариялық-эпидемиологиялық талапқа сай тазартады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әрі ауызсу сапасын қашықтан бақылауға мүмкіндік береді. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің өнертапқыш ғалымдары жасаған бұл жобаға еліміздің Ғылым министрлігі 323 млн теңге грант бөлген. Бұл қайтарымсыз қаржы зерттеу жұмыстарын жалғастыруға жұмсалады. Жоба авторлары осы уақытқа дейін елдегі 52 жер асты суынан сынама алып, талдау жүргізген. Нәтижесінде су құрамының ерекшелігіне байланысты мембраналық әдіспен тазарту технологиясын тиімді деп тауыпты. Инновациялық жобаны жүзеге асыруға бизнес компаниялар да қызығушылық білдіріп, 33 млн теңге инвестиция құйды. Мамандар қазір зертханалық жұмыстарды аяқтап, модульдік блоктарды жинақтауға кірісті.
Әбдіғани Әзімов, М. Әуезов атындағы оқу ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі:
- Әр елде судың құрамын анықтай отырып, сорбенттерді пайдаланамыз. Сорбенттермен ол жерде органикалық зарттарды ұстап қаламыз. Одан кейін мембраналық апараттарды, нанофильтрацияны, кері осмос деген фильтрларды қойып, адам ішу талаптарына сәйкес шығарып беретін қондырғылар жасап отырмыз.