Көкшетауда колледж педагогтары кәсіби шеберліктен жарысып жатыр

Көкшетауда колледж педагогтары арасында республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтіп жатыр.

 Екі күнге жоспарланған сайысқа техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарынан 36 ұстаз қатысуда. Басты мақсат педагогтардың кәсіби біліктілігін жетілдіру. Байқау барысында қатысушылар өзара тәжірбиелерімен бөліседі. Республикалық шара осымен 2-ші жыл қатарынан Жан-айдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің базасында ұйымдастырылды. Қатысушылар 4 модуль бойынша бақ сынайды. Ең негізгісі, жаңа технологияларды пайдаланып, әдістемелік жобаларды қорғау.  

Базарғали Қадырғалиев, байқауға қатысушы:

- Бүгінгі байқаудың басты критериінің бірі әдістемелік жоба. Яғни әдістемелік жоба шеңберінде педагогтар өз қызметін іске асырады. Оның бірнеше бағыты бар. Ұзақ мерзімде немесе қысқа мерзімде. Бүгінгі педагогтардың көбі ұзақ мерзімдегі жобаларды көрсетіп жатыр. Бұл жобалардың көпшілігі білім алушыларды ынталандыру, болашақта өздерінің алып жатқан мамандықтары бойынша алдағы уақытта көмек көрсету.

Гүлвира Ошақбаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің  басқарама басшысы:

- Педагогтер қандай жаңалық еңгізді, сол жаңалықтарды осы конкурс арқылы республикаға  шығарады. Яғни біз осының нәтижесінде қандай технологияларды республикаға тарату керектігін анықтаймыз. Кейін оны басқа оқу орындарына ұсыныс ретінде беретін боламыз.