Ғалымдарымыз жер сілкінісін болжайтын наноспутник әзірлеп жатыр
Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары жер сілкінісін алдын ала болжауға мүмкіндік беретін наноспутник жобасын әзірлеуде.
Қазіргі уақытта спутниктің ішкі жүйелері жасалып, сынақтан өтуде. «Әл-Фараби 3» нано спутнигі сонымен қатар гравиметриялық өлшемдер жасауға бейімделеді. Яғни жер қойнауындағы қазбаларды ғарыштан анықтауға болады. Іргелі білім ордасының ғылыми-технологиялық паркі мен ғылыми-зерттеу лабораторияларында бұдан басқа да инновациялық жобалар әзірленіп, шағын өндірісте сәтті жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, фитошәйлар мен биологиялық белсенді қоспалар, поликристалды сынғыш ұнтақты кальций карбонатын жасайтын өндіріс нәтижесін беруде. Жаңа құрылыс материалы университет ғимараттарының қасбетіне қолданылуда. Айта кетейік, бұған дейін Қазақ ұлттық университеті тәжірибелік мақсаттағы екі наноспутникті ұшырған болатын. Жаңа спутникті 2025 жылы ұшыру жоспарланған.
Әмірхан Темірбай, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ Инжиниринг және жоғары технологиялар кластерінің бас директоры:
- Үшінші спутниктің тағы да бір пайдалы миссиясы – ол ионосфера қабатындағы әртүрлі өзгерістерді өлшеу арқылы жер қойнауында болып жатқан әртүрлі құбылыстарға болжау жасай аламыз. Соның ішінде жер сілкінісін анықтауға болады. Жер сілкінуден бірнеше күн бұрын ионосфера қабатындағы бөлшектердің концентрациясы күрт өзгереді. Осы құбылыс анықталған. Соны дер кезінде табу арқылы, анықтау арқылы болжау жасауға болады.