Атыраудағы мектепте инклюзивті кабинет ашылды
Атырау қаласында №22 Әлия Молдағұлова атындағы орта мектепте инклюзивті кабинет ашылды.
Ол ерекше қажеттіліктері бар балаларға қажет құралдармен жабдықталған. Бұл шаһарда ашылған оныншы кабинет.
Аядай ғана мына бөлмеде ерекше балалар өзін жайлы сезінеді. Сабақ кезінде мазасы болмаса осында асығады. Мамандар да балалардың ортаға тез бейімделіп, қалыптасуы үшін мұндай кабинеттердің көмегі зор екенін айтады.
Рысгүл Бағытова, логопед-дефектолог:
- Бұл кабинеттің бірден бір пайдасы ерекше балалардың қалыпты ортаға бейімделуіне әсер етеді. Өйткені, мұнда түзету жұмыстары, ұсақ моторикамен жұмыс жасайды, зейінін ашады баланың және дефектологиялық, логопедия және психология жағынан үлкен қолдау көрсетіледі. Балалар өздерін ортада қалыпты сезінеді.
Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны жыл сайын артып барады. Қазір өңірде 3 мыңнан астам бала бар. Ата-аналар да арнайы кабинеттер көбірек ашылса дейді. Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептегі инклюзивті кабинет те ата-аналардың ұсынысымен қолға алыныпты. Мұндағы 23 балаға арнайы мамандар көмек көрсетеді.
Ақсұлу Салиева, Ә. Молдағұлова атындағы №22 орта мектептің директоры:
- 23 баланың төртеуі педагог-ассистентті қажет етеді. Соған жүгініп жұмыс жасайды. Қалған оқушы психологтардың, дефектологтардың, логопед мамандардан дәріс алуда. Бос уақыттарында, мысалы, еңбек, музыка, дене шынықтыру сабақтарына бұл балалар қатыспайды. Сол уақыттарда сабақ кестесімен арнайы мамандар келіп, 20-25 минуттық жұмыстарын жасайды.
Өңірде білім саласында маман тапшы. Қажеттілікке қарай инклюзивті кабинеттер ашылса, логопедтерге де сұраныс әлдеқайда артатыны белгілі.
Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин