Жамбыл облысында алғашқы тірек мектебі ашылды
Сарысу ауданындағы Саудакент ауылының білім ошағы енді қала мектептерімен деңгейлес болады. Себебі материалдық-техникалық базасы толықтай жаңартылды. Ал оқытушылары біліктілігін арттырып, Назарбаев зияткерлік мектебі мамандарынан әдістемелік қолдау алды, деп хабарлайды «Хабар 24».
45 жыл бұрын іргетасы қаланған Балтабай Адамбаев атындағы орта мектеп адам танымастай өзгерді. Ауылдағы білім ошағының 35 оқу кабинеті мен шеберханасы толықтай жаңартылды. Мектепте STEM зертхана, арт-студия, интеллектуалдық залдар мен кітапхана, тіпті шағын телестудия ашылды.
Өркен Мұқанов, көркем еңбек пәнінің мұғалімі:
- Қазір келіп жатқан құралдардың көбі электрондв нұсқада жасалып жатыр. Оның ішінде лазерлері бар. Соңғы технологиямен, мысалы, ағаш станогы, темір станогы – олардың барлығы осы кейінгі үлгідегі нелер келіп жатыр. Біз өте қуаныштымыз. Біз қолымыздан келгенше балаларға беріп, соны үйретеміз деген ойдамыз.
Білім ошағының материалдық-техникалық базасын жаңартуға «Қазақстан халқына» қорынан 250 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл мен қала мектептеріндегі білім алшақтығын жою. Діттеген мақсатқа жету үшін Назарбаев зияткерлік мектебінің білім беру жүйесі қолданылады.
Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқарма төрағасының орынбасары:
- Мұғалімдердің білім сапасын көтеру, арттыру, демекші. Бұл енді зияткерлік мектеп. Жалпы, әдістемелік орталық қылу. Жалпы, ол бұл ауданда филиал сияқты болады ғой. Осы біліммен барлығын енгізген соң, оның барлығы 2-3 жыл ары қарай жүреді.
Тірек мектебінің ұстаздары алған білімін, аймақтағы өзге мектептің мұғалімдерімен бөлісуі тиіс. Жалпы, бұл тәжірибенің тиімділігі бұған дейін дәлелденген. Бүгінде республика бойынша 13 мың оқушы мен 1500 ұстаз жобаның жемісін көріп келеді.
Данияр Тоқтарбаев, Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры:
- Біздің мектептерде 3 жылдың ішінде кем дегенде 10-12%-ке дейін өскен. Яғни, мысалға, 52% сапамен кірген мектеп кейін 65-70%-ке дейін көтеріледі осы 3 жылдың ішінде. Әлі де бұл – аяқталған нәтиже емес. Әлі де 1 жылымыз бар. Динамика қарап келеміз, зерттеп келеміз. Болашақта кем дегенде 15-17%-ке дейін жеткіземіз.
Ауқымды жоба жалғасын табады. Келер жылы елдегі 53 мектептің базасы жаңартылады. Жалпы, алдағы бірнеше жылда ел аумағындағы 166 ауданда тірек мектептерін ашу жоспарда бар.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә.