Астаналық оқушылар оқушылар $550 мың грант жеңіп алды
Астаналық оқушылар жарты миллион долларлық грантты жеңіп алды.
Арсен Қылышбек пен Владимир Борзенков жасанды интеллект негізінде стартап жоба жасап шығарған. Қазақстандық оқушылардың жұмысына «Майкрософт» компаниясы қызығып отыр.
Арсен мен Владимир республикалық физика-математикалық мектепте оқиды. Қос дарын компьютер, бағдарламалау десе ішкен асын жерге қояды. Жасөспірімдердің қызығушылығы ортақ. Идеяға идея қосып талай жоба ойлап тапқан. Табанды еңбектің арқасында жеткіншектер табысқа кенелді. Олар жасанды интеллект негізінде бір жарым минуттың ішінде толық веб-сайт құрып беретін онлайн қызмет жасап шығарды.
Арсен Қылышбек, оқушы:
- Тапсырысқа қарай кез келген сайтты жасауға болады. Ол үшін бар болғаны мәтін жазып қалдыру керек. Мәселен, гүл сататын дүкенге сайт қажет делік. Әріптері, көлемі, түсі қандай болуы керек екенін көрсетіп сұраныс қалдырасың. Болды. Ал жасанды интеллект кәдімгі толыққанды веб-сайт жасап береді. Оны жариялауға, халыққа көрсетіп тіпті сол арқылы табыс табуға да болады. Аз уақыт жұмсап бизнес сайттар ашуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін қызметтің мұндай түрі болған емес. Бірегей жоба атақты «Майкрософт» мамандарының қызығушылығын тудырды. Компания оқушыларға 550 мың доллар грант бөлді.
Арсен Қылышбек, оқушы:
- Грант компанияның қызметіне бөлінген несие сияқты. Яғни бұл ақшаны өзге нәрселерге жұмсай алмайсың. Қаражат серверлер, төлем жүйелері, түрлі техникалық мәселелерді шешуге бағытталады.
Жоба әлі толық аяқталмаған. Арсен мен Владимир қазір кейбір бөліктерін жетілдіріп жатыр. Жас IT мамандар оны алдағы аптада іске қосуды жоспарлар отыр.
Владимир Борзенков, оқушы:
- Алдымен Қазақстанда іске қосып кейін өзге мемлекеттердің нарығына шығамыз. Болашақта Еуропа мен АҚШ елдеріне кіру жоспарда. Қазірдің өзінде тапсырыс берушілер тізімі бар. Бастапқыда шектеу қойылады. Өйткені жүктемені оңтайландыру керек. Сондықтан деректерін алғаш боп қалдырған азаматтарға ғана қызмет көрсетіледі.
Қазақстанда тың жобалар ұсынып, әлемдік нарықты қызықтыра алатын айти сала мамандары жоқтың қасы. Бірақ оқушы Арсен мен Владимир бұған қол жеткізіп отыр. Енді жобаны танымал етуге күш салады. Олар онлайн платформаны іске қосқаннан кейін оны қаржыландыратын ірі инвестор табуды көздеп отыр.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Ақылбек Есімсейітов