Биыл 400 мыңнан аса бала бірінші сыныпқа барады
Елімізде 400 мыңнан астам бала жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа барады. Оған өтініш беру 1 сәуірден 1 тамызға дейін жалғасады, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Бүлдіршіндер бірінші сыныпқа алты жастан бастап ата-анасы немесе заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады. Өтінішпен бірге денсаулық жағдайы туралы анықтама, баланың денсаулық паспорты және екі дана 3х4 суреті болу керек. Өтініш демалыс және мереке күндерін қоспағанда дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады. Ал сәуірдің 1-і мен 2-сі – демалыс күндері, демек өтініш 3 сәуірден бастап қаралады», - деді орта білім комитетінің бас сарапшысы Ерлан Маемеров.
Мемлекеттік білім беру қызметі egov.kz электронды үкімет веб-порталы арқылы және жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелерінде қолжетімді.