Елімізде балаларды бірінші сыныпқа қабылдау басталды
Өтініш электрондық үкімет порталы арқылы онлайн түрде немесе қағаз жүзінде қабылданады.
Құжат тапсыру 1 тамызда аяқталады. Биыл ел бойынша 400 мыңнан аса бала мектеп табалдырығын аттайды.
Биыл елордада 26 мың бала бірінші сыныпқа барады. Мектеп табалдырығын аттайтындар қатарында Димаш Уәлихан да бар. Қазір ол әліпбидегі әріптерді таниды, әрі қарапайым сөздерді оқып, жаза алады.
Дана Актелинова, Астана қаласының тұрғыны:
- Үш балам бар. Үлкендерім мектеп бітіріп кетті. Ал кенже балам бірінші сыныпқа енді барады. Қазір ол мемлекеттік балабақшаға барып жүр. Егов арқылы өтініш беріп жатырмыз. Балабақшада мектепке дайындық бағдарламасы бар. Бізге ұнады. Енді қосымша сабақ керек емес. Мектепке дайынбыз.
Өтініш жұмыс күндері қабылданады. Баланы бірінші сыныпқа беру үшін талап етілген құжаттарды толық өткізу керек. Болашақ оқушының жасы жыл соңына дейін алтыға толуы тиіс.
Асыл Аманкелдиева қалалық білім басқармасы жалпы орта білім және әдістеме бөлімінің басшысы:
- Бірінші сыныпқа қабылдау құжаттары - заңды өкілі ата-ананың өтініші, туу туралы куәлігі баланың, медициналық анықтама, сонымен бірге баланың денсаулық паспорты, 3х4 баланың екі дана фотосы. Осы құжаттар төрт құжат.
Баланың құжаттарын тапсыру үшін электронды үкімет порталында тіркеліп, цифрлық қолтаңба алу қажет. Немесе смс-құпия сөзбен де кіруге болады. Сосын негізгі бетте "білім" деген бөлімге өтіп, "білім беру ұйымдарына құжаттарды оқуға қабылдау" деген нұсқаны таңдайсыз. Қызметті онлайн алу батырмасын басып, телефон нөмірі мен электронды поштаның мекен-жайын көрсету керек.
Асыл Аманкелдиева, қалалық білім басқармасы жалпы орта білім және әдістеме бөлімінің басшысы:
- Құжаттарды қабылдау электронды түрде және қағаз түрінде де тапсыруға мүмкіндігі бар ата-ананың. Үкімет порталы арқылы егов және мектепке барып қағаз түрінде тапсыруға болады. Әр білім беру ұйымында қабылдау комиссиясы құрылады. Бірінші сыныпқа қыркүйек айында алты жасқа толған балалар және жыл соңына дейін толатын балалар дайындық деңгейіне қарамастан қабылданатын болады.
Елордалық білім басқармасының мәліметінше, биыл құжат қабылдау 3+1 қағидасымен жүреді. Алғашқы үш өтініш мекен-жайы мектеп аумағында тіркелген оқушылардан қабылданады. Біреуі - ата-аналардың қалауымен таңдалады. Алайда бұл мүмкіндік әзірге қолжетімсіз.
Индира Ахат